«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша баспана тұрғызу қарқыны екі есеге өсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша алғашқы жартыжылдықта республиканың түрлі өңірлерінде 240,2 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, деп хабарлайды мемлекеттік бағдарламаның операторы «Бәйтерек девелопмент» АҚ.
None
None

Құрылыстың қарқындылығы әдеттегідей Оңтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында байқалды. 2017 жылдың алғашқы алты айында Шымкент және Атырау қалаларында 40,5 мың шаршы метр немесе 672 және 677 пәтер пайдалануға берілді.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысында да  құрылыс көлемі елеулі түрде өсті. Жарты жылда Ақтау қаласының тұрғын үй қоры 34,2 мың шаршы метрге немесе 540 пәтерге көбейді. Одан кейінгі орында Батыс Қазақстан облысы тұр, жыл басынан бері Орал қаласында 30,2 мың шаршы метр болатын 504 пәтер тапсырылды.

 «Бәйтерек девелопмент» АҚ желісі бойынша Павлодар облысында 28,2 мың шаршы метр (504 пәтер) жаңа баспана салынды.

«Мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана тұрғызудың биылғы қарқыны 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге өсті. Өткен жылдың алты айында 128, 8 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілсе,  биылғы жартыжылдықта 240,2 мың шаршы метр пәтер тарту етілді», - деп хабарлады  «Бәйтерек девелопмент» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Төлеубек Ілиясов.

Екінші жартыжылдықта жалпы көлемі 150 мың шаршы метр болатын тағы 12 тұрғын үй нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған. Баспана «Қазақстан Жилстройсбербанкі» АҚ салымшыларына және кезекте тұрғандарға арендалық баспана ретінде беріледі.

Соңғы жаңалықтар