«Нұрлы жер»: БҚО-да 3 мыңға жуық жер телімі тұрғындарға берілмек

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облысында тұрғын үй салу үшін жер кезегінде 100 914 адам тұр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Нұрлы жер»: БҚО-да 3 мыңға жуық жер телімі тұрғындарға берілмек

Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Әлия Мұханбетжанованың өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлім еткеніндей, соның 71 005-і Орал қаласының үлесіне тиеді. 2017 жылы облыс аудандарында тұрғын үй құрылысы үшін 594 жер телімі берілді.

Бұдан бөлек «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл тұрғын үй салуға 2 816 жер телімін беру көзделуде. Соның ішінде Бөрлі ауданында 1 325, Ақжайықта 218, Жаңақалада 60, Зеленовта 640, Қаратөбеде 60, Сырымда 66, Теректіде 369, Шыңғырлауда 78 жер телімі берілмекші.

Басқармасы басшысы сондай-ақ өңірден  кезінде РФ Қорғаныс министрлігінің мемлекеттік ұшу-сынау орталығына ұзақ мерзімді жалға берілген жер теліміне де тоқталды. Ол 1 463,7 мың гектарды құрайды, әскери полигонның ауданы - 1 465,1 мың га.

«Биыл 1995 жылғы 20 қаңтардағы мемлекеттік ұшу-сынау учаскесін пайдалану туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама қайта қаралып, соған сәйкес Кіші Боғда кен орнын игеруге қажетті 1 371 га алқап мемлекеттік меншікке қайтарылды. Қазіргі таңда жерді мемлекеттік меншікке қабылдау аяқталды», деді Ә.Мұханбетжанова.