«Нұрлы жер» еліміздің құрылыс саласын дамытуға жаңа серпін береді -Байбек
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Құрылысшы күніне арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әкім Бауыржан Байбек өзінің құттықтау сөзінде қаланың ЖАӨ құрылыс секторының үлесі 262 млрд теңге болғанын атап өтті. Тек өткен жылдың өзінде ғана 1,9 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 35%-ға көп.
«Құрылысшы мамандығы барлық кезеңде үлкен абырой мен құрметке ие. Сіздер тек қана үй, инфрақұрылым нысандарын салумен шектелмейсіздер. Қалалардың архитектуралық келбет беретін де,экономиканы дамытатын да Сіздер. Құрылысшылардың арқасында өмір сапалық жағынан оң сипатқа ие болып, азаматтардың тұрмыс жағдайлары жақсарады. Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тапсырмасы бойынша биылғы жылдан бастап «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру басталады.Оның басты мақсаты - таяудағы 15 жыл ішінде 1,5 миллион отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету. Бағдарламаға тұрғын үй нарығын қолдаудың кешенді шаралары енгізілген. Бұл, сөз жоқ, еліміздің құрылыс саласын дамытуға жаңа серпін береді. Біздің негізгі міндетіміз - алматылықтардың тұрғын үй мәселесін шешу. «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 73 тұрғын үй салынуда, оның 24-інің құрылысы биыл аяқталады», - деді Б.Байбек.
Қала басшысы 2015 жылдан бастап құрылыс саласына құйылған инвестиция көлемінің 17%-ға артқанын айтты. Тек биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде құрылыс саласына 235 млрд теңге инвестиция бөлінген.
Бүгінде Алматыда тұрғын үй және азаматтық бағыттағы 1 140 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Бұлардың 762-сі - жеке инвестиция арқылы, ал 378 нысан бюджет арқылы қаржыландырылуда.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында 2016-2017 жылдары әкімдік тарапынан 1 040 пәтерлі 19 тұрғын үй салынды. «Қолжетімді баспана - 2020» бағдарламасы бойынша биыл «Саялы», «Жас Қанат» ықшам аудандарында тағы 17 тұрғын үйді іске қосу жоспарланған.
«Ескі үйлерді сүру» қалалық бағдарламасы бойынша 3 жаңа үй салынып, ескі үйлердің тұрғындары жаңа қонысқа көшірілді. Бүгінгі күні заманауи ықшам ауданға айналған Атлеттер ауылынан 1 748 отбасы пәтер алды.
Биыл 42 білім беру нысанының құрылысы және сейсмикалық қуатын нығайту қарастырылған. Оның 29-ы биыл іске қосылады. Денсаулық сақтау саласының 18 нысаны салынып жатыр. Жыл аяғына дейін 10 нысан пайдалануға беріледі.