«Нұрлы жер»: Лисаков қаласында тұрғын үй құрылысы 5 есеге артқан
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Жыл соңына дейін Қостанай облысының Лисаков қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй қолданысқа беріледі. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Лисаков қаласының әкімі Алмат Исмағұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Алмат Исмағұлов Елбасының биылғы Жолдауын іске асыру шеңберінде іске асып жатқан жұмыстарды жан-жақты хабардар етті. Жыл басынан бері Лисаков қаласының негізгі экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай өскен. Әсіресе тұрғындарды баспанамен қамту саласы қарқын алған.
«Осы уақытқа дейін 1001 шаршы метр аумақта тұрғын үй салынды. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен басталған 60 пәтерлі арендалық тұрғын үй келер жылы пайдалануға беріледі. Ал биыл «Қазақстан алюминийі» АҚ кен басқармасының қызметкерлеріне арналған көлемі 3,6 мың шаршы метрлі тағы да 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысы аяқталады. Мемлекеттік-жекеменшік серістестік аясында «СпецСтальКонструкция» ЖШС-ның инвестор болуымен жатақхана ғимараты 16 пәтерлі арендалық тұрғын үйге айналады. Осындай науқанның нәтижесінде шаһарда жыл соңына дейін баспанамен қамту былтырғыға қарағанда 5 есеге артып, 5840 шаршы метрді құрағалы отыр», - деді қала әкімі.
Айта кетейік, Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баспанамен қамту жұмыстары туралы баяндама жасаған-ды. Жыл басынан бері облыста 17 пайыздық өсіммен 227,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.
Алмат Исмағұлов басқа да салалардағы жетістіктерге тоқталды. Шаһарда мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, адами капиталды қалыптастыруға бағытталған шаралар, ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық даму жоспарларын орындау, шағын және орта бизнесті тұрақты қолдау жұмыстары жоспарлы жүргізіліп келеді.
«Қаламыздың дамуы өндірістік кәсіпорындарға тікелей байланысты. Бүгінде өнім көлемі 38 млрд теңгеге жетіп отыр. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 136%-ға артық. Тау-кен саласында 31 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылғыдан 45%-ға көбйеді. Ал өндірістік кәсіпорындардың қайта өңдеу секторы 4,9 млрд теңгенің өнімін шығарды», - деді А.Исмағұлов.
Лисаков қаласы энергия үнемдеу жағын жүйелі қолға алды. Қазіргі уақытта қаладағы 1850 жарықшамның 60%-ы үнемделген тәртіпке көшкен. Қала әкімінің баяндауынша, келер жылы осындай 900 жарықшам орнатылып, шаһар көшелерінде толығымен үнемделген жарық берілетін болады.