«Нұрлы жер»: Таразда көпқабатты 9 үй пайдалануға берілді
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Бүгін Тараз қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көпқабатты 9 тұрғын үй пайдалануға берілді», - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
№15 шағынаудандағы үйлер ҚР Конституциясы күні мерекесі қарсаңында тапсырылды. Тұрғын үйлерде барлығы 720 пәтер орналасқан, оның 200-ге жуығына банктің тиісті шешімі берілсе, 200-ге жуық отбасы қоныс тойын тойлағалы отыр.

Пәтер кілтін табыстау салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, қуаныш иелеріне құттықтау тілегін білдірді.
«Баспана- қай уақытта да өзекті мәселе. Қала халқының санының өсуімен тұрғын үйге деген сұраныс көлемі де ұлғаюда. Тәуелсіздік жылдары елімізде Елбасының басшылығымен қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар атқарылды. Соның ішінде қалада жаңадан тұрғызылып жатқан 15-шағынаудан орналасқан жер бірнеше жыл бұрын ашық дала болатын. Ал қазір жаңа тұрғын үйлер бой көтерген шағынауданға айналды. Президенттің бес әлеуметтік бастамасы бойынша жарияланған басты мақсаттардың бірі – халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету», - деді ол.

Облыста «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 17,6 млрд теңгеге барлығы 30 көпқабатты (2 118 пәтерлі) тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл соңына дейін олардың 28-ін (1 988 пәтерлі) пайдалануға беру жоспарланған.
Сонымен бірге, биылғы I жартыжылдықта көпбалалы отбасыларға 120 пәтердің кілті табысталды. Оның ішінде 93 пәтер арендалық үйлер болса, 27-сі демеушілер есебінен тұрғызылған.
Жыл соңына дейін 493 көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Кезектері келгенге дейін көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін уақытша шешу үшін 612 пәтерлі 12 жатақхана құрылысына тиісті қаражат қарастырылып, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда.
Бүгін пәтер кілтін иеленгендер қатарында әлеуметтік аз қамтылғандар, мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері бар.
Аталған тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын «Агроспецстрой» ЖШС, «Таразстрой 2004» ЖШС, «ЖСХИ» ЖШС, «BARAT&CO» ЖШС, «Тараз-Ісмер» ЖШС компаниялары жүргізді. Мердігер компаниялар тұрғын үйлердің сапасына кепілдік беріп отыр.
Облыс көлемінде әрбір мереке қарсаңында жаңа нысандарды пайдалануға беру, халыққа пәтер кілтін табыстау сияқты игі шаралар дәстүрге айналды.

