«Нұрлы жер»: Түлкібаста 7 тұрғын үйдің құрылысы басталды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көпқабатты 7 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оған қазынадан жалпы 2 млрд 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрлы жер»: Түлкібаста 7 тұрғын үйдің құрылысы басталды

Тұрғын үйлер аудан орталығы Тұрар Рысқұлов және Састөбе ауылында бой көтеруде. Бұл елді мекендерде бүгінде 32 мыңға жуық халық тұрады. Құрылыс жұмыстары қарқын алған аудан орталығында көпқабатты бес, ал Састөбе поселкесінде 32 пәтерлік екі тұрғын үй салынуда.

Құрылыс жұмыстары жоспарға сай ағымдағы жылдың соңы мен келер жылдың басында аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Нәтижесінде 320 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойламақ. Осылайша, түлкібастықтардың «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын көретін күндері алыс емес.

Аталған ауылдарда сондай-ақ аймақтың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы да жүргізілуде.

Айта кетейік, бүгінгі таңда ауданда 1507 азамат тұрғын үй кезегінде тұр.