«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 101 млрд теңге жаңа дағдарысқа қарсы шараларға қайта бөлінеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасының тапсырмасына сәйкес, «Нұрлы жол» инфрақұрылымын дамытудың мемлекеттік бағдарлама жобасы шеңберінде 101 млрд теңге қаражатты 2015 жылғы жаңа дағдарысқа қарсы шараларға қайта бөлу қарастырылады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына байланысты Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев осылай мәлім етті.
«2015 жылы Ұлттық қордан әлеуметтік инфрақұрылым құрылысына жоспарланған 30 млрд теңгені олардың нысаналы мақсатын нақтылау арқылы бөлу қарастырылады. Соның ішінде 17 млрд 300 млн. теңгені бірінші кезектегі білім беру нысандарының құрылысына, үш ауысымдық оқыту және мектептердің апатттылығын жоюға бағыттау көзделеді. 12 млрд 700 млн. теңгені мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына мемлекеттік тапсырыс беруге бағыттау қарастырлады. 71 млрд теңгені 2016 жылы Ұлттық қордан қоса қаржыландыра отырып, тұрғын үй құрылысы шаруашылығын жаңғырту жұмсалады», - деді Ұлттық экономика министрі.
Оның айтуынша, агроөнеркәсіп саласын қолдауға 20 млрд. теңге, «Бизнестің жол картасы-2020» шеңберіндегі жобалар үшін инфрақұрылым жүргізуге 10 млрд теңге, техникалық реттеуді дамыту арқылы ішкі нарықты қорғауға 5 млрд теңге, геологиялық барлау жүргізуді жандандыруға 6 млрд теңге, тұрғын үй құрылысын ұлғайтуға 30 млрд теңге көзделеді.