«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 400 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 400 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова мәлім етті.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 400 мыңға жуық адамды жұмыспен қаму жоспарлануда. Бұған қоса, қазақстандықтар тұрғын үй салу, ТКШ-ны жаңғырту, индустрияландыру және басқа салалық әрі мемлекеттік бағдарламалар есебінен жұмыспен қамтылатын болады», - деді ол.
Министрдің айтуынша, жұмыспен қамту бағытындағы белсенді шаралар жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтарға қолданылады. Бүгінде елімізде ондай азаматтардың қатары 1,2 млн. адамды құрап отыр.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық өңірлерде экономиканың ерекше кезең жағдайларын ескере отырып, «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасын өзектілендіру есебінен халықты жұмыспен қамтудың кешенді жоспары қабылданатын болады», - деді Т.Дүйсенова.