«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 7,3 мың пәтер пайдалануға берілген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын іске асырудың аралық қорытындылары қаралды.
None
None

Мемлекеттік бағдарлама бойынша жарты жылда атқарылған жұмыстар жайында инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндады. Бағдарлама халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін жалға берілетін тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы өткізілетін несиелік тұрғын үй салу, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру, ипотекалық кредит берудің қолжетімділігін арттыру сияқты бес бағытты қамтиды.

Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, бірінші жартыжылдықта барлық көздер есебінен 5,5 млн. шаршы метр немесе 47,7 мың пәтер мен үй пайдалануға берілді, бұл 2016 жылдың осы кезеңінен 11% жоғары. Мемлекеттік қаражат есебінен «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 7,3 мың пәтер пайдалануға берілді. «Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жағынан Астана мен Алматы қалалары оқ бойы озық келеді. Астана 1,5 млн. шаршы метр баспана пайдалануға берсе, Алматы 928 мың шаршы метр тұрғын үй салды. Бұдан бөлек, Маңғыстау мен Оңтүстік Қазақстан облыстарын атап өткен жөн», деді Ж.Қасымбек.

Министрдің сөзіне қарағанда, басқа аймақтарда да тұрғын үй құрылысының жандануы байқалады. Алайда, Алматы мен Павлодар облыстарында баспананы пайдалануға беру жұмысы кенде қалып отыр. «Қазіргі кезде салынып жатқан құрылыс нысандарын уақытында тапсыру үшін аймақтарға 33 млрд. 800 млн. теңге аударылды. Соның 29 млрд. 300 млн. теңгесі игерілді. Жалпы, республика бойынша 3 633 шақырым инженерлік желілерде тарту жоспарланып отыр. Әкімдіктердің қазіргі мәліметіне сәйкес, осы уақытқа дейін 1 436 шақырым желі тартылды», деді министр. Тұрғын үй салу үшін жарық, су және тағы басқа инженерлік желілер болуы шарт. Бүгінде сол желілерді салу жағынан Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан, Ақмола мен Батыс Қазақстан облыстарында жұмыс баяу жүруде.

Бағдарламаның төрт бағытын іске асыру туралы «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Е.Досаев баяндады. Өңірлердегі жағдай туралы Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының әкімдері Қ.Ақсақалов пен Б.Бақауов баяндама жасады.

Мәселені қарауды қорытындылай келе, Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігі мен «Бәйтерек» холдингіне халықтың қажеттіліктері мен азаматтардың оны сатып алуға дайындығын ескере отырып, бөлінетін қаражатты және тұрғын үй құрылысы көлемін жоспарлауды бақылауға алуды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру аясында бөлінетін қаражатты мақсатты жұмсауды қамтамасыз ету және жеке құрылыс салушыларды тарту бойынша жұмысты күшейту қажет.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әкімдерге бюджет ақшасына қарай бермей, жеке меншік құрылыс саласын дамыту мәселесін де назардан тыс қалдырмауды ескертті. Үкімет басшысы жуырда Елбасы бұған дейін бөлінген 210 млрд. теңгені қайта тарату шарасын мақұлдағанын айтты. Бұл ақша әкімдіктерге кредиттік баспананы салу үшін аударылатын болады. «Бұл қаражатты дұрыс айналдырып, «револьверлік» әдіспен құрылысқа қайта салып отырған жөн. Бірақ жеке меншік құрылыс саласын да ұмытпау қажет», деді Б.Сағынтаев.

Облыс әкімдіктеріне «Нұрлы жер» бағдарламасының барлық бағыттары бойынша жұмысты жандандыру, жаппай құрылыс салатын жерлерді алдын ала анықтау және таяу жылдарға тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларында қарастырылған көлемде жобалық-сметалық құжаттама жасауға жергілікті бюджеттен уақытылы қаражат бөлуді қамтамасыз ету тапсырылды.

Соңғы жаңалықтар