«Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы пәтердің шаршы метрі өзгеруі мүмкін

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет отырысында 2017 жылдың соңына дейін «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынатын баспананың аумағын 80 шаршы метр деңгейінде сақтау ұсынылды. Бұл туралы бүгін тұрғын үй құрылысының барысы бойынша баяндама жасаған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті.

 «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы пәтердің шаршы метрі өзгеруі мүмкін

«Құрылысы 2017 жылы басталатын жобалар бойынша мемлекеттік бағдарламаның барлық қатысушылары ауданы 80 шаршы метрге дейінгі жобаларды әзірледі. Алайда, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2017 жылдан бастап пәтерлердің шаршы көлемін 65 шаршы метрге дейін шектеу енгізілді. Осылайша, құрылыс салушылар бұрын әзірленген жобаларды қайта қолдана алмайды. Бұл құрылыс компаниялардың қосымша шығындарына және жобалау-сметалық құжаттаманы келісуді 6 айға дейін ұзартуға әкеледі.  Құрылыс салушылармен жоспарлы жұмыс жүргізу мақсатында 2016 жылдың деңгейі - 80 шаршы метрге дейінгі нормативтің күшін 2017 жылға  ұзарту ұсынылады. Бұл шара 2017 жылы келісімшарт жасау үдерісін жылдамдатуға мүмкіндік береді», - деп түсіндірді Е. Досаев.

Бұдан бөлек ол көптеген өңірлерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы жүргізілген жаппай құрылыс салу орындары жоқ екенін атап өтті.

«Әкімдіктер бұдан кейінгі жылдары көппәтерлі тұрғын үйдің тұтас бір шағын аудандарын қалыптастыру үшін егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарларын жете талдау қажет. Кредиттік тұрғын үй бойынша қаражаттың 20 жыл бойы қайта пайдалану тетігі көзделгендіктен, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі үйлердің тапсырылуы жоспарланатын өңірлерде салымшыларды тартуды күшейтетін болады», - деп түйіндеді сөзін Ерболат Досаев.