«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Астана-Алматы» бағытында жаңа жол салынады - «ҚазАвтоЖол» АҚ

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Әліпов Алматыда өткен ғылыми-практикалық конференция барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалар жөнінде әңгімеледі.
None
None

Оның айтуынша, Теміртау, Қарағанды, Балқаш және Қапшағай қалалары арқылы өтетін «Астана-Алматы» бағыты бойынша жол салу құрылысы жоспарланған. Оның жалпы ұзындығы 1284 шақырымды құрайды және төрт және алты жолақты болып келеді. Құрылысы аяқталған соң жаңа жол бірінші техникалық категорияға жатқызылатын болады.

«Астана-Өскемен» бағыты бойынша салынатын жол Павлодар мен Семей қалалары арқылы өтетін болады. Бүгінгі таңда ұзындығы 500 шақырым болатын жолдың 16 учаскесінде жұмыстар жүруде. Бұл Астанадан Павлодарға және Павлодардан Семейге дейінгі аралық. Биылғы жылдың соңына дейін бұл бағытта 102 шақырым жол қолданысқа беріледі деп күтілуде.

«Астана - Павлодар» және «Павлодар - Семей» учаскелерінде жұмыстар 2017 жылы аяқталады. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы «Павлодар - Семей» және «Қалбатау - Өскемен» учаскелеріне қатысты жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын әзірлеу жоспарланған. Бұл учаскелер жоспар бойынша 2019 жылы қолданысқа беріледі.

Сонымен қатар «Астана - Ақтөбе - Атырау - Ақтау» бағыттары бойынша Астрахан қаласына шығатын жол салынады. 1928 шақырымдық жол қайта салынады. 2014 жылы Бейнеу және Ақтау қалалары арасында ұзындығы 200 шақырым болатын жол бөлігі қайта жөндеуден өткізілді.

Қазір, жалпы ұзындығы 270 шақырым болатын 6 учаскеде жұмыстар жүріп жатыр. Олардың ішінде ұзындығы 170 шақырым болатын «Ақтау-Шетпе» учаскесінің жұмысын Халықаралық қаржы институты қаржыландыруда.

2015 жылы «Ақтау - Бейнеу» учаскесі бойынша 40 шақырымдық жолды қолданысқа беру жоспарланған. Қалған 230 шақырымдық жолдың құрылысы 2016 аяқталады.

Ұ. Әліпов сонымен қатар, ұзындығы 853 шақырым болатын «Алматы - Өскемен» бағыты туралы да тың мәліметтер келтірді.

«Қапшағай - Талдықорған» бағыты бойынша алты учаскеде жұмыстар жүріп жатыр. 2015 жылы 47 шақырымдық жолды қолданысқа беру жоспарланған. Ал қалған учаскелер 2016 жылы қолданысқа беріледі. Алматы мен Талдықорған қалаларын жалғайтын жол толығымен төрт жолақты болады.

«Бұдан басқа, республикалық маңызға ие жолдарды ақылы ету жұмыстары қолға алынды. 2022 жылға қарай 6982 жолға ақылы жүйе енгізу жоспарланған. Ақылы жүйе бірінші техникалық категорияға жататын жолдар бойынша барлық автотранспорт түрлеріне, ал екінші техникалық категория бойынша тек жүк көліктеріне ғана енгізіледі», - деді Ұ. Әліпов.

Соңғы жаңалықтар