«Нұрлы жол» бағдарламасы инфрақұрылым дамуын қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын ашуға бағытталған - Е.Сағындықов
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» бағдарламасы инфрақұрылым дамуын қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Елеусін Сағындықов айтты.
«Ел Президенті Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасы ел экономикасы үшін мультипликативті тиімді болатын инфрақұрылымдық дамуды қамтамасыз етуге, жұмыс орындарын ашуға бағытталған», - деді ол.
Сенатордың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасында Ұлттық қор ресурстарын қоса отырып, дүниежүзілік дағдарыстан шығудың жасампаз жоспары бар. Бұл стратегиялық жоспардың табысты болуының кепілі - 2007-2009 жылдардағы дағдарысқа қарсы тәжірибе.
«Қазақстан - сол кезде экономикалық өсімнің оң динамикасын сақтап қалған бірер мемлекеттің бірі. Жұмыс орнының қысқаруына жол бермей, барлық әлеуметтік міндеттерді белгілеген мерзімде, әрі толықтай орындады»,- деді Е.Сағындықов.