«Нұрлы жол» бағдарламасына 2016 жылы Ұлттық қордан 461,5 млрд. теңге бөлінеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын іске асыруды жалғастыруға Ұлттық қордан нысаналы трансферт ретінде 2016 жылы - 461,5 млрд теңге, 2017 жылы - 750 млрд теңге қарастырылады. Бүгін Мәжілісте «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлімдеді.

«Нұрлы жол» бағдарламасына 2016 жылы Ұлттық қордан 461,5 млрд. теңге бөлінеді

«Бұл ретте Үкімет «Нұрлы жол» бойынша қажеттілік туындаған жағдайда бағдарлама бағыттарын түзету үшін жедел шаралар қабылдауға 2016 жылға - 127,6 млрд теңге, 2017 жылға - 750 млрд теңге шығыстарды шоғырландырмақ. Бұл арнайы резерв түріндегі жаңа құрал болып табылады», - деп атап өтті министр.

Оның айтуынша, республикалық бюджет шығыстары 2016 жылы ағымдағы деңгейге қарағанда 74 млрд теңгеге өседі және 7 трлн 319 млрд көлемінде жоспарланған. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 5,6 пайызға өсіп, 7 трлн 731млрд теңгені, 2018 жылы 3,5 пайызға немесе 274 мрд теңгеге төмендеп, 7 трлн 757 млрд теңге шамасында жоспарланады. «Жалпы бюджетті жоспарлау қатаң шектеулер жағдайында және Елбасының ағымдағы жылғы 19-20 тамызында өткен экономикалық саясаттың жүйелі шараларына арналған отырыста берген тапсырмаларын ескере отырып әзірленген. Бұл ретте Үкіметке берілген тапсырмалардың бірі 2018 жылдың аяғына дейін штаттық санды ұлғайтуға, сондай-ақ билік деңгейінде атқарылатындарды қоспағанда жаңа бастамаларға мораторий белгілеу болып табылады», - деді Қаржы министрі.