«Нұрлы жол» бағдарында ұлт руханияты мен мәдениеті шешуші рөл атқарады - Д. Мыңбай

«Елбасы «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауында жалпыұлттық идея - Мәңгілік елді басты бағдар етіп, Тәуелсіздіктің даму даңғылын Нұрлы жолға айналдыру керектігін айтқан болатын.
«Мәңгілік Ел - елдің біріктіруші күші, ешқашан сарқылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан-2050» стратегиясы ғана емес, ХХІ ғасырдағы Қазақстанның мызғымас идеялық тұғыры», - деген еді Н. Назарбаев. Ал бұл бағытта ұлт руханияты мен мәдениеті шешуші рөл атқаратыны да шындық», - деді жиын барысында Д. Мыңбай.
Оның айтуынша, мәдени интеграция - бұл ұлттық мәдениет пен құндылықтардың бір-біріне жақындау үдерісі, мәдени, коммуникациялық, өркениеттер байланысының нығаюы. Ал оның барысында ғылым мен өнер жетістіктері, әлеуметтік және саяси қызметтердің жаңа түрлері шапшаң таралып, оның тұтастығы сақтала отырып, бүгінгі әлеммен игеріле түседі.
«Мәдени интеграция - мәдениет мекемелері, шығармашыл ұжымдар, мәдениет тұтынушылары арасындағы өзара байланысты тұтастай қамтып жатады. Осы тұрғыдан алғанда, жоғары мәдениеттілікті сақтаушы, тасымалдаушы, таратушы ретіндегі музейдің рөлі жаһандану жағдайында арта түспек», - деді Д. Мыңбай.