«Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру жөніндегі Парламент Сенатының шаралар жоспары бекітілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 желтоқсанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Бюросының отырысы болды.
Бюрода Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы берілді. Осы комитет «2000 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша да бас комитет болып белгіленді.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» және «Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы» заң жобалары бойынша бас комитет болды.
Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Катар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып бекітілді.
Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды пайдалану комитеті «Шекарааралық су арналары мен халықаралық көлдерді қорғау және пайдалану туралы конвенцияның 25 және 26-баптарына түзетуді ратификациялау туралы» және «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйым арасындағы Жануарлардың саулығы жөніндегі дүниежүзілік ұйымның Аусыл бойынша субөңірлік үйлестіру кеңсесін Астана қаласында құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.
Бюро отырысында 2014 жылғы 26 желтоқсанда болатын Сенат отырысының күн тәртібі талқыланды.
Сенаторлар «2004 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Беларусь Республикасы Үкіметінің арасындағы Халықаралық автомобиль қатынасы туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Әзербайжан Республикасының Үкіметі арасындағы Азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы»; «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы шеңберінде құпия ақпаратты қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Халықаралық теңіз ұйымының аудитінен өту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым); «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы»; «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы, Қарулы Күштері және Мемлекеттік күзет қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым); «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» (бірінші оқылым) заң жобаларын қарауды жоспарлады.
Бюро отырысында Парламент Сенатының 2015 жылға арналған Негізгі шаралар жоспары, сондай-ақ Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Парламент Сенатының шаралар жоспары бекітілді.