«Нұрлы жол» - болашаққа бастайтын жарқын жол - профессор Ажар Баешова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- ҚР Президентінің биылғы жаңа Жолдауы халықтың әл-ауқатын көтеруге және мемлекетті нығайтуға бағытталған. Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшісіне әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жалпы және бейорганикалық химия кафедрасының профессоры Ажар Баешова мәлімдеді.

«Нұрлы жол» - болашаққа бастайтын жарқын жол - профессор Ажар Баешова

Оның айтуынша, Жолдауда «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру міндеттері айқын көрсетілген. Президент бірінші кезекте патриотизм мәселесіне ерекше көңіл бөлген және алдағы уақытта «Мәңгілік ел» патриоттық актісінің басты құндылықтарын бекітетін жаңа құжаттың қабылданатындығын атап көрсеткен.

«Жолдауда ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. Елбасы оны жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогикалық қызметімен байланыстырады. Алдағы уақытта Индустриаландыру бағдарламасы шеңберінде 10 жоғары оқу орнының базасында ғылым мен экономика секторлары арасында мықты байланыс орнатылады. Сонымен қатар, кадрлар даярлау мәселесі шешіледі. Жолдауда аталмыш жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын қалыптастыру бойынша атқарылатын міндеттер паш етілді. Бұл істерді жүзеге асыруға 2017 жылға дейін 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінеді» - деді ғалым өз сөзінде.

Сондай-ақ, Ажар Баешова Жолдауда ғылым мен инновацияның байланысы терең көрсетілгендігін жеткізді.

«Ғылымның дамуы жоғары оқу орындарының ғылыми-техникалық базасымен тығыз байланысты екені сөзсіз. Өйткені, жақсы жарақталған зертханалар мен оқу аудиториялары жастарға сапалы білім беруге мүмкіндік береді. Елімізде шет елдік компаниялармен бірлесе отырып, жобалық инжинирингтік орталықтарын ашу көзделуде. Қазірдің өзінде елімізде ашылған технологиялық парктерде ірі қазақстандық компаниялардың қосымша өндіріс көздері шоғырландырылған. Демек, ғылымсыз инновация жоқ. Сондықтан, ғылыми жобаларды инвестициялау нәтижесінде экономиканың жаңа салалары пайда болуы мүмкін. Бірінші кезекте олар: мобильдік, мультимедиялық, нано және ғарыштық технологиялар, робототехникалар, гендік инженерия, экологиялық жағынан таза қуат көздері. ЕХРО-2017 Халықаралық көрмесіне даярлық барысында Астана жасыл экономика мен болашақтың энергиясын жасау жолында ғылыми ізденіс орталығына айналатын болады», - деді профессор.

«Жолдаудың әрбір сөзінде елдің дамуына деген қамқорлық ерекше сезіледі. «Нұрлы жол» - бұл жастарды болашаққа бастайтын жарқын жол. Өйткені, жастарымыз осы Жолдаудың арқасында ғылыми жобаларға белсене араласатын болады. Бүгінгі студенттер, ертеңгі жас мамандар Жолдауды көрсетілген келелі жоспарларды жүзеге асыруға кіріседі. Бір сөзбен айтқанда «Нұрлы жол - болашаққа бастайтын жарқын жол» - деді Ажар Баешова