«Нұрлы жол» бойынша мектептер мен балабақшалардың құрылысына қаржы көлемі артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің айтуынша, ағымдағы жылы жол құрылысына 143,5 млрд. теңге бөлінді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұрлы жол» бойынша мектептер мен балабақшалардың құрылысына қаржы көлемі артты

"Өткен жылы жол құрылысын дамытуға 151,6 млрд.  теңге бөлінген болатын. Аталған қаражат толығымен игерілді. Осының нәтижесінде Астана-Теміртау, Алмалы - Қапшағай және Астана - Петропавл тас жолдарының құрылысы аяқталды", - деді Сүлейменов Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Бұдан бөлек, өткен жылы инфрақұрылым желілерін дамытуға 77,9 млрд. теңге бөлінсе, ағымдағы жылы осы мақсаттағы қаржының көлемі 57,4 млрд. теңгені құрап отыр.

Ал мектептер мен балабақшалардың құрылысына бөлінетін қаражаттың мөлшері биыл артқан. Білім беру мекемелерін салуға 80 млрд. теңге бөлініп отыр. Өткен жылы осы мақсатқа 57,4 млрд. теңге жұмсалған.

Министрдің сөзіне қарағанда, былтыр тұрғын үй құрылысын дамытуға 192 млрд. теңге бөлінген. Соның 148,2 млрд. теңгесі толығымен игерілді.

"Негізі, құрылыс жұмыстарының ерекшеліктеріне байланысты қаржыны игеру мерзімі 2 жылды құрап отыр. Дегенмен, өткен жылы 225,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның бәрі 3 600 пәтерді құрайды. Бүгінде "Нұрлы жер" бағдарламасының қабылданғаны белгілі. Сондықтан аталған бағдарлама аясында осы бағыттағы шаралар бұдан әрі де атқарылатын болады", - деп атап көрсетті Сүлейменов.