«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші артуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ҚР Үкіметінің отырысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді пайдалануға берудің елеулі өскенін атап өтті.

«Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші артуда

«2016 жылғы 6 айда тұрғын үйлерді пайдалануға беру 16,9%-ға 5,0 млн шаршы метрге дейін өсті, оның ішінде мемлекет қаражаты есебінен 262,0 мың м2 пайдалануға берілді, жылдың соңына дейін тағы 309,0 мың м2 пайдалануға беру жоспарланып отыр. Апатты мектептерді  және үш ауысымдық оқытуды жою үшін ағымдағы жылдың басынан бастап 2015 жылы басталған 4 мектептің құрылысы аяқталды және 42 мектептің құрылысы басталды. Жылдың соңына дейін 34 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деді ол.

Сонымен қатар Қуандық Бишімбаев 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың қорытындылары бойынша баяндады.

«Бірінші жартыжылдықта құрылыс (6,6%-ға), көлік қызметтері (4,3%-ға), ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру (2,7%-ға) және өңдеу өнеркәсібі  (0,5%-ға) көлемінің ұлғаюы есебінен ЖІӨ-нің өсуі 0,1%-ды құрады», - деді Бишімбаев.