«Нұрлы жол» - сапалы инфрақұрылым кепілі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту - «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі. Қазірде Үкімет осы саладағы жобаларды халықаралық қаржы институттарымен бірлесіп іске асыруға басым ден қойып отыр. Өйткені, бұл бюджеттен тыс инвестицияларды тартуды және экономиканың тиісті салаларында қажетті құрылымдық реформаларды жүргізуді қамтамасыз етеді.
ҚР Үкіметі мен Еуропалық қайта құру және даму банкінің ынтымақтастығы 2014 жылы әріптестік туралы негіздемелік келісімге қол қойылған кезден бастап өзінің белсенді кезеңіне қол жеткізді. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігі және ЕҚҚДБ ШОБ-ты қолдау және ТКШ-ны жаңғырту сияқты екі бағыт бойынша өзар іс-қимылды жүзеге асырады.
2015-2017 жылдары Үкімет ЕҚҚДБ бірлесіп жылумен, сумен жабдықтау және су бұру жүйесіндегі 16 жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Оның ішінде Шымкент, Қызылорда және Ақтөбе қалаларындағы коммуналдық инфрақұрылымды қайта жетілдіру де бар. Атап айтқанда, осы қалаларда коммуналдық инфрақұрылымдарды жаңғыртуға Еуропалық қайта құру және даму банкінен жалпы сомасы 95,4 млн. АҚШ долларына келісімдерге қол қойылған. Сол сияқты осы жылы Петропавл, Қостанай, Семей және Тараз қалалары бойынша 131 млн. АҚШ долларының жобалары іске асырылып, келісімдерге қол қойылады. Сөйтіп, тұтастай алғанда, «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында 2015-2017 жылдары жылумен, сумен жабдықтау және су бұру саласында халықаралық қаржы ұйымдарымен бірге іске асырылатын 10 жобаның құны 464 млн. АҚШ долларын құрап отыр. Еуропалық қайта құру және даму банкі Қызылорда облысының инфрақұрылымдық жобаларына қолдау көрсете отырып, былтыр тиісті келісімге қол қойылды. Нәтижесінде облысқа 54 млн. АҚШ доллары көлемінде қаржы бағытталатын болды. Бұл қаражатқа 120 жаңа заманауи автобус сатып алу және қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату үшін арнайы зауыт салу көзделген.
Жалпы, Еуропалық қайта құру және даму банкі елімізде бірқатар жобалардың іске асуына мұрындық болды. Тек «жасыл экономиканы» дамытуға қаржылық ұйым тарапынан былтыр жарты миллиард АҚШ доллары бөлінді.
Осылайша, Мемлекет басшысының халықаралық қаржы ұйымдарымен тікелей жұмыс істеп, инфрақұрылымдық жобаларға инвестиция тарту жөніндегі тапсырмасы нәтижелі орындалып жатқаны - зор қуаныш. Сәйкесінше, халықаралық қаржы ұйымдарының қарыз қаражатын ауқымды тартуды көздеп отырған еліміз, бұл салада тартымды жағдайлар жасауға ниетті. Мәселен, 2015 жылғы 15 маусымда сумен жабдықтау және су бұру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты кредиттеу және субсидиялау мәселелері бойынша ХҚҰ-мен өзара әрекеттесетін коммуналдық кәсіпорындарға субсидиялар (инфрақұрылымдық гранттар), жеңілдік шарттарымен тағайындалатын бюджеттік кредиттер беруге мүмкіндік беретін заңға Мемлекет басшысы қол қойды. Инвесторлар үшін және халық өсуінің болжамды орындылығын ескере отырып, ұзақ мерзімді инвестициялық тарифтер көзделген. Бұл ретте шекті тарифке өту кесте бойынша жүзеге асырылатын болады. ХҚҰ-ның қызметі үшін халықаралық нормаларға негізделген арнайы нормативтік база құрылды.
Жалпы алғанда, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту саласы бойынша Ұлттық қордан жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын түбегейлі төмендету мақсатында 2015 жылы - 60 млрд., 2016 жылы - 90 млрд. теңге қарастырылған. Қазірдің өзінде өңірлер үшін әлеуметтік маңызы бар 96 жоба іске асырылып жатыр. Осының нәтижесінде тек биылғы жылдың өзінде 266 шақырымдық жылу және сумен қамту желілері, 14 қазандық жаңғыртылмақ және қайтадан салынбақ. Бұл желілердің тозуын төмендетуге мүмкіндік беріп, 2,5 мыңнан аса тұрғын үйлерде тұратын тұрғындар үшін ұсынылатын қызметтің сапасы мен сенімділігін айтарлықтай арттырады.