Нұрмахан Тыналиев - Азия чемпионы
АСТАНА. 19 сәуір. ҚазАқпарат - Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан грек-рим күресінен Азия чемпионатында Қазақстанның палуаны Нұрмахан Тыналиев алтыннан алқа тақты.
ҚР Күрес федерациясы хабарлағандай, 120 келіден аса ең жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жатқан Н.Тыналиев финалда қытайлық Ксиаоминг Ниден басым түсіп, Азия чемпионы атанды. Ал 66 келі салмақта Ербол Қоңыратов қол медаль еншіледі. Құрлықтық біріншіліктің алғашқы күні Қазақстан үшін осылайша сәтті басталды.