Нұротандықтар Азиада қарсаңында Ұлттық құрама спортшыларына сәттілік тіледі
АЛМАТЫ. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы Алматыдағы 7-Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің штабында Қазақстан ұлттық құрамасын қолдауға арналған жиын өткізді.
Отырыс барысында «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы басшылығы мен қазақстандық спорт ардагерлері ұлттық құрама спортшыларының жеңіске жетуіне ақ тілектерін білдірді. «Елімізде тұңғыш рет өткізілгелі отырған құрлықтық ауқымдағы додада ел спортшыларының тек жеңіс биіктерінен көрінулерін тілейміз. Біздің аға буын спортшыларымыздың жеңісті жолын бүгінгі ұрпақ та жалғастырады деп сенеміз», - деді «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Махамбет Бейдәлі.
Өз кезегінде КСРО-ның құрметті спорт шебері, ауыр атлетикадан әлем рекордшысы Владимир Дрекслер де Ұлттық құрама мүшелеріне жеңісті жол тілеп, жиынға қатысушыларды спортшыларымызға қызу қолдау көрсетуге шақырды.
Шара соңында М. Бейдәлі ардагер спортшыларға жеңіс нышанын білдіретін естелік белгі табыс етті.