Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдері ратификацияламай отырған халықаралық құжаттарды атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Климат жөніндегі Париж келісімін әлі де көптеген тараптар ратификациялаған жоқ. Бұл туралы бүгін Еуразия елдері парламенттері төрағаларының IV кеңесінде ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев әлем елдері ратификацияламай отырған халықаралық құжаттарды атады

«Халықаралық қоғамдастық үшін зор мәні бар халықаралық құжаттарды ратификациялау ісіне белсенді түрде араласу қажет. Мәселен, 192 мемлекет қол қойған Климат жөніндегі Париж келісімін әлі де көптеген тараптар ратификациялаған жоқ. Біз ғаламшардың жылынып, үлкен апаттың жақындап келе жатқаны жайында күнде естиміз. Бірақ, оның алдын алу үшін ештеңе де жасап отырғанымыз жоқ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт, ядролық қаруға тыйым салу, ядролық қарауды таратпау және басқа да маңызды құжаттар төңірегінде дәл осындай ахуалдың орын алып отырғанына қынжылыс танытты.

«Барлығын ядролық қарудан бас тартуға және таратпауға шақыра отырып, ядролық державалар бұл қаруды жетілдіріп, компьютерлік ойындар деңгейінде сынақтан өткізуі әділдік емес. Бұл жұмыс істемейді. Ең алдымен ядролық державалар мұндай бастамамен бірінші болып шығуы тиіс. Онсыз іс ілгерілемейді», - деді Елбасы.