Нұрсұлтан Назарбаев: Әлемдегі әрбір дін бізді ынтымаққа, ізгілікке, бір-бірімізді құрметтеуге шақырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Әзірет Сұлтан» мешітінде болды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Нұрсұлтан Назарбаев: Әлемдегі әрбір дін бізді ынтымаққа, ізгілікке, бір-бірімізді құрметтеуге шақырады

Мемлекет басшысы көпшілік алдында сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Құрбан айт мейрамымен құттықтады, сондай-ақ жиналған жамағатпен әңгімелесті.  

- Бүгін күллі әлемнің және Қазақстанның мұсылмандары жарқын мереке - Құрбан айтты мерекелеп жатыр. Баршаңыз білесіздер, 10 жылдан бері Құрбан айт пен Рождество демалыс күндері болып саналады. Бұл - ислам дініне де, христиан дініне де мемлекет қамқорлығының көрінісі, - деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында қол жеткен табыстың бәрі еліміздегі бірлік пен тыныштықтың арқасы екенін атап өтті.

- Әлемдегі әрбір дін бізді ынтымаққа, ізгілікке, бір-бірімізді құрметтеуге шақырады. Құранда өзің тоқ болып, көршің аш отырса, сен мұсылман болып саналмайсың делінген. Онда мұсылмандардың ағымға, жікке бөлінбейтіні де айтылған. Нағыз мұсылман - ел-жұртқа, қоғамға, Отанына көмектесетін, барлық дінді бірдей көретін адам, - деді Мемлекет басшысы.

Соңында Қазақстан Президенті баршаны тағы да мерекемен құттықтап, бақ-береке және табыс тіледі.