Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік көшбасшы-реформаторлармен бір қатарда тұр - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанды қарыштап даму жолына салған «Назарбаев моделіне» тұрақты даму траекториясына жеткен толық басқарушылық цикл деп баға беруге болады. Саясат ғылымдарының кандидаты, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Тимур Шаймергенов Елбасының ел алдындағы еңбегі туралы осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік көшбасшы-реформаторлармен бір қатарда тұр - сарапшы

«Қазақстан бүгін кезекті мәрте Тұңғыш Президент күнін тойлап жатыр. Осынау айтулы дата Тәуелсіздіктің 26 жылдығы қарсаңында өткенге тағы бір мәрте көз жүгіртіп, дербес елдің жүріп өткен жолына ой тастауға үндейді», - дейді сарапшы.

Тимур Шаймергеновтың пайымдауына қарағанда, әлемдік тарих үшін 26 жыл - бір ғана сәт болғанымен, Қазақстан тарихының көзқарасымен қарасаңыз, осы кезең мемлекеттіліктің қалыптасуына, ел іргесінің бекуіне негіз болғанын байқауға болады.

«Әлбетте, өткен күндерге бүгінгі таныммен қарап отырып, қандай уақытта қандай дұрыс қадамның жасалғанын сараптау да, тіпті сын айту да оңай. Бірақ, тоқсаныншы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев та ондай мүмкіндік жоқ еді. Жас мемлекеттің көшбасшысы ретінде Мемлекет басшысына өте дұрыс тарихи шешім қабылдап, ел дамуының тиімді жолын таңдау шарты тұрды. Президенттің саяси көшбасшылығы мен ақыл таразысына сала отырып мемлекетті басқаруының арқасында Қазақстан стратегиялық сындарға лайықты жауап берумен бірге, тіпті қысылтаяң шақта да ел игілігіне жарар жұмыстарды жүзеге асырып үлгерді», - дейді Тимур Шаймергенов.

Саясат ғылымдарының кандидаты өз сөзінде жаһан тарихында модернизация жолымен даму даңғылына түсу бойынша тарихи үлгілер баршылық екенін алға тартады.

«Әр кезеңде әлем халқын мұндай жетістіктерімен Сингапур, Оңтүстік Корея, Түркия, БАӘ, Малайзия, Мексика, Индонезия, Бразилия сынды елдер де тамсандырған болатын. Бұл қатарға дамушы елдердің ішінен жаһандық державаға айналған Қытайды да қосуға болады. Аталған мемлекеттер аймақтық дамудың драйверлері бола отырып, халықаралық жүйенің өзгеруіне септігін тигізді. Олардың көбі әлемдік экономикаға сөзсіз әсерін тигізетін «алып жиырмалықтың» қатарында. Ал Қазақстанның жыл сайын G20 кездесулеріне шақырылуы да біздің республиканың прогрессивті елге айналғанын дәлелдей түседі», - дейді ол.

Сарапшы сонымен бірге, жоғарыда аталған елдердің әрқайсысының даму жолы әртүрлі екенін тілге тиек етті.

«Егер тарих және география, қоғам жағдайы мен экономиканы есепке алып, тура көзқараспен Қазақстанға қарайтын болсақ, еліміздің Тәуелсіздік алғалы бері жүріп өткен жолы ол мемлекеттердің ешқайсысынан кем емес. Қазақстан Президенті өз сұхбаттарында жеке көзқарасының қалыптасуына Ататүрік, Шарль де Голль, Франклин Рузвельт, M.Мохамад, Маргарет Тэтчер, Ли Куан Ю секілді әйгілі қайраткерлер әсер еткенін айта отырып, олардың мемлекетті жаңа деңгейге жеткізгенін атап өткен еді. Осы ретте Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің жаңғырту жолының авторы ретінде әлемдік көшбасшы-реформаторлармен бір қатарда тұрғанын айтуға болады», - дейді Тимур Шаймергенов.

Ол сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев ешқашан шетелдік, еуропалық немесе америкалық даму моделін көшіре салмағанын еске салды.

«Иә, бұл негізінен тіпті мүмкін де емес - мемлекеттер, саяси-экономикалық жағдайлар, тарихи дәуір әртүрлі еді. Алайда әлемдік тәжірибедегі мемлекеттік құрылымның біршама әмбебап қағидаттарын іріктей отырып, қазақстандық көшбасшы ол жолдарды ұлттық контекстке шебер енгізе білді. Тиімді реформалар арқылы оңтайлы басқарудың өзіндік моделін қалыптастырды. Жаңғыртудың сәттілігі Тұңғыш Президенттің мемлекеттік басқарудағы моделіне тікелей байланысты», - дейді сарапшы.

Тимур Шаймергенов өз сөзінде «Назарбаев моделіне» - «көшбасшылық стилі, стратегиялық тәсілдер мен басқарушылық шешімдердің, қысқа уақыт ішінде елдің әлеуметтік және мемлекеттік құрылымын қалпына келтіре алатын моделі» деп баға берді.

«Бүгін де біз «Назарбаев моделіне» Қазақстан үшін барлық «тұзақтардан» айналып өтіп, тұрақты даму траекториясына жеткізген толық басқарушылық цикл деп баға бере аламыз. Бұл баға отандық идеологиямен емес, беделді халықаралық ұйымдардың тәуелсіз рейтингтерімен расталып отыр», - деп түйді сөзін Тимур Шаймергенов.