Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің форматын одан әрі жетілдіру керек»
АСТАНА. 25 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Президенті және Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары саммитін өткізуге бастамашы болған Нұрсұлтан Назарбаев бүгін елордада өтіп жатқан «Өркениеттер диалогындағы Астана дінаралық форумының рөлі» халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның қатысушыларына хабарлама жіберді. Онда съездің әлеуеті әлі толық ашылмағаны, сондықтан оның ауқымын ұлғайту керек екені атап айтылды.
Мемлекет басшысының құттықтау сөзін ҚР Президенті әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жеткізді.
«Құрметті конференция қатысушылары, Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі - уақыт елегінен екшеліп өткен жаһандық диалогтық алаң. Ол ғаламшардағы дінаралық және мәдениетаралық әрекеттестік пен өзара түсіністікті нығайтудың бірегей құралына айналды», - деп атап өтілді Президенттің құттықтау сөзінде.
"Қақтығыстардың шиеленісуі мен пайда болуының алдын алу үшін діни қайраткерлер, ғылыми-сараптамалық бірлестіктер мен БАҚ-ты тарта отырып жан-жақты диалогты дамыту қажет. Съезд толеранттылық пен сенім идеясын алға жетелейтін ауқымды гуманитарлық диалогтың алғы шебінде болуы керек. Осындай қайырымды әрі жауапты міндетті жүзеге асыру үшін съездің әлеуетін аша түсіп, форматын одан әрі жетілдіру қажет". Конференцияның қызметі осы міндетті орындауға ықпал етеді деп сенемін. Барлық қатысушыларға жұмыстарыңыз жемісті болсын деп тілеймін», - деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев.