«Нұрсұлтан Назарбаев: Әскер ықшам әрі ұтқыр болуға тиіс» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 7 наурыз, жұма күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Нұрсұлтан Назарбаев: Әскер ықшам әрі ұтқыр болуға тиіс» - баспасөзге шолу

***

«Егемен Қазақстан» басылымының бүгінгі санында Бекболат Тілеуханның «Қазақ спортының қара нары» атты мақаласы жарияланды. Материал Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» және ІІ дәрежелі «Барыс», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Темірхан Досмұхамбетов өмірінің өнегелі тұстары жайында болып отыр.

«Алла тағала әу бастан нығмет берген, Темірхан Досмұхамбетов отыздың бел ортасында КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы атанып, одан әрі Жоғарғы Кеңестің депутаты, екі мәрте Спорт және туризм министрі, екі мәрте Президенттің Іс басқармасының басшысы, Астана қаласының әкімі қызметтерін абыроймен атқарды. Темірхан Мыңайдарұлы - Тәуелсіз Қазақ елінің аяғынан қаз тұрып, әлемге таныла бастаған тұсында қара нардай қайрат қылып, бейнет кешкен үлкен тұлғаның бірі. Елбасының қасында жүріп, Астана құрылысына білек сыбана араласты, жас қазақ мемлекетінің еңсесін көтеруіне атсалысты. Саясаттың қыр-сырына қанықты. Мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді», - дейді мақала авторы.

«Осы аптада оңтүстік астанамыз Алматыда орын алған оңды оқиғаның бастысы «Қазақ эпосы» атауымен шыққан анимациялық фильмдердің тұсаукесері болды», - деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті.

Ұлттық нақыштағы мультфильмдер жас ұрпақ тәрбиесіне аса қажетті құралдардың бірі екені ақиқат.

Басылымның жазуынша, бұл жинаққа «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын батыр», «Қамбар батыр» және қазақ халық ертегілеріне құрылған мультфильмдер енген. Мультфильмдердің жалпы хронометражы - 400 минут.

«Тәлім-тәрбие кілті - халық педагогикасының негізінде дейтін жоба авторлары - мультфильм кейіпкерлері - Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар батырлардың ерлігін паш ететін қызықты сюжеттер жас буынның туған жерге деген махаббатын, Отанға деген сүйіспеншілігін оятады деп отыр. Ұлттық құндылықтарды насихаттайтын отандық туындының тілі жатық, баланың жас ерекшелігіне сай құрылған. Әр сериядағы қазақ мақал-мәтелдерінің негізіндегі оқыту элементтерінің сюжетпен байланыстыра дыбысталуы баланың қазақ тіліне деген қызығушылығы мен тіл үйренуге деген ықылас-ынтасын арттырады», - делінген «Экрандағы эпостық этюдтер» атты мақалада.

«Кеше жедел-стратегиялық кеңес өткізген Президент, Жоғарғы Бас қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековтен еліміздің Қарулы күштері қатарында сыбайлас жемқорлықты болдырмау және оны жою бағытында пәрменді шаралар қабылдауды талап етті. Ел қазынасынан бөлінген әр теңге мемлекеттің қауіпсіздігін күшейтуге қызмет етуге тиіс», - деп жазады «Айқын» басылымы «Нұрсұлтан Назарбаев: Әскер ықшам әрі ұтқыр болуға тиіс» атты мақалада.

«Қазақстан өз алдына миллиондық ауқымды әскер құруды мақсат тұтпайды, қазақстандық әскер ықшам әрі ұтқыр болуға тиіс. Жоғарғы Бас қолбасшы мемлекетіміздің қорғанында білікті мамандар мен ұлтына шын берілген азаматтар тұруға тиістігін нықтады: «ХХІ ғасырда Қарулы күштер мамандардан, патриоттардан және ары таза азаматтарымыздан құралуға тиіс!» деп міндеттеді Елбасы. Әскерден қашанда темірдей тәртіп, заманауи техниканы мінсіз меңгеру және ұдайы ұрысқа дайын болу талап етіледі. Мемлекет басшысы айтқанындай, жеріміздің шекарасын айнала достас елдер қоныстанғанымен, әлемде бас көтеріп жатқан жаңа қатерлерге ел әзір отыруы, тойтаруға қабілетті болуы қажет», - делінеді газеттің аталған материалында.

Сейсенбі күні Ресей Президенті Владимир Путин шетелдік және жергілікті ақпарат құралдары өкілдерін Ново-Огарево резиденциясына жинап алып, Қырым мәселесіне қатысты өз ұстанымын ашық айтқан болатын. «Түркістан» басылымы осында көтерілген мәселелер жайында толымды материал жазып отыр.

«Украинадағы Қырым түйткілі әлемдік геосаясаттағы Ресейдің роліне әсер етуі мүмкін. Кремль бұған дейін ешкіммен ақылдаспай, бұрынғы кеңестік кеңістікте өз бетінше әрекет етіп келсе, енді бұрынғының көзден бұл-бұл ұшқанын мойындауы тиіс. Сейсенбі күні Ресей Президенті Владимир Путин шетелдік және жергілікті ақпарат құралдары өкілдерін Ново-Огарево резиденциясына жинап алып, Қырым мәселесіне қатысты өз ұстанымын ашық айтуға мәжбүр болды. Мәжбүрлік емей немене, қырықтан астам сұраққа жауап беру үстінде Путин Ресейдің Қырымды Украинадан бөліп алу ниеті жоқ екенін айтып, ақталумен болды», - деп жазады басылым.

Украина мәселесіне арналған мақала «Сізбен сосын сөйлесеміз» Путин сұрақ қойды ма, әлде сұрақтарға жауап берді ме?» деген атпен жарияланып отыр.

«ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Чен Гопинді қабылдады», - деп хабарлайды ресми тілді «Казахстанская правда» басылымы «Идет подготовка к саммиту» атты мақалада.

Газеттің жазуынша, кездесу барысында екіжақты қарым-қатынас пен әріптестік, сонымен қатар халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқынанған. Қарастырылған тақырыптың тағы бірі - Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңестің 2014 жылы мамыр айында Қытай жерінде өтетін саммиті болды. Н.Назарбаев саммиттің дайындығына жоғары баға беріп отырғандығын жеткізді.

Мақалада белгілі болғанындай, қазіргі уақытта Қазақстанның Мемлекет Басшысы Қытайға ресми сапармен барады деп жоспарлануда. Чен Гопин аталмыш сапарға қатысты Н.Назарбаевқа дайындық мәселелері жайында айтып берді.