Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласының жаңа қоғамдық көлік жүйесі» жобасын жүзеге асыруды бастауды тапсырды
АСТАНА. Қазанның 8-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Бүгін елорда әкімдігінде өткен кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана қаласының жаңа қоғамдық көлік жүйесі» жобасын жүзеге асыруды бастауды тапсырды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қалада жаңа шағын аудандар салынып, қарқынды дамуда. Тұрғындарының саны 2,5 есеге өсіп, соңғы өткен Халық санағы бойынша 700 мың адамды құрады. Осыған байланысты қаланың көлік жүйесі стратегиясын әзірлеу жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет. Жеңіл рельсті көлік құрылысының жобасын жүзеге асыру керек, біз француздармен меморандумға қол қойдық, бірінші бөлігін жүзеге асыруды бастау қажет», деді кеңесте Н. Назарбаев.
Елбасы бұл жұмыстар қаланың бейнесін жақсарта түсіп, адамдарды тасымалдауды жеңілдететінін атап өтті.
Айта кетейік, жақында Франция Президенті Николя Саркозидің Астанаға жасаған ресми сапары аясында Астана әкімдігі мен Францияның Альстом Транспорт компаниясы «Астана қаласының жаңа қоғамдық көлік жүйесі» жобасын дайындау мен қаржыландыру бойынша өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойған болатын.