Нұрсұлтан Назарбаев барша түлектерге өз ақылын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ең үлкен Тудың түбінде өткен мерекелік шарада әскери оқу орындарының курстанттарына погон тапсырды. Мемлекет басшысы жас командирлер арқылы барлық жоғары оқу орындарының түлектеріне өз тілегін жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев барша түлектерге өз ақылын айтты

Өз сөзінде Президент өзімен қатарлас адамдардың аталары бірінші Дүниежүзілік соғысқа, ал әкелері екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқанын жеткізіп, аштық және тағы басқа қиындықтарға тап болғанын ерекше атап өтті. Сол соғыстарда миллиондаған қазақ қырылып, майданнан қайтпай қалды. "Менің буыным ғана 70 жылдан бері бейбітшілік жағдайда өмір сүріп жатыр. Ол - біздің әкелеріміздің істеген зор еңбегі. Біз - бақытты буынбыз. Себебі біздің өміріміз Тәуелсіздікті құрумен қатар келді. Қазақстанның тәуелсіз Туын көтеруге, Астанамызды салуға мүмкіндік туды. Ата-бабаларымыздың арманы орындалды. Сендер арқылы әскери жоғары оқу орындарды бітіріп жатқан курсанттарға және барлық оқу орындарының түлектеріне тілейтінім - ақ жол! Біз мемлекетті құрдық, бүкіл дүниежүзіне паш еттік. Сендер сол Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, көк Туымызды әлемнің түкпір-түкпірінде желбірететін болыңыздар!", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, бүгінгі шара барысында ҚР Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан 12 түлек лейтенант погонын алды. Олардың ішінде ҚР Қорғаныс министрлігі Құрлық әскерлері институтының түлектері Алмас Кенжебеков пен Заман Керімқұлов, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлектері Қайыржан Жұмандықов пен Темірлан Мұқатаев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі академиясының түлектері Мадияр Добеков пен Анатолий Паленыx, ҚР Ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясының түлегі Алишер Мұxамбетов, Қостанай академиясының түлегі Айнұр Бесагимова, Көкшетау теxникалық институтының түлектері Роман Степанов пен Ермек Қаппаров, ҚР Ұлттық ұлан әскери институтының түлектері Бақдәулет Төлебек пен Уәлиxан Жәукеновтер бар. 

Айта кетейік, мерекелік шараның басында Президент Туды қалай таңдағанын еске алды . Сондай-ақ, Астана күніне арналған мерекелік шаралардың басталғанын ресми түрде жариялады.