Нұрсұлтан Назарбаев: біздің атлеттеріміз тәуелсіздіктің 20 жылдығына тамаша тарту жасады
Бүгін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 7-қысқы Азия ойындарының жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.
«Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін осы мерейлі сәтпен шын жүректен құттықтаймын. Дүбірлі дода нағыз мықтыларды анықтап берді. Азиада барысында достықтың ізгі жалауы желбіреп, құрлық елдерінің әнұрандары шырқалды. Бұл спорт мерекесі тәуелсіз Қазақстан тарихының жарқын беттерінің біріне айналады деп сенемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы Азиаданы жоғарғы деңгейде өткізуге үлес қосқан барша мамандарға, спортшыларға, қазақстандықтарға және байрақты бәсекеде Қазақстан намысын қорғап, зор жеңістерге жеткен спортшыларға да айрықша алғысын білдірді.
Президент Астанада жағылған Азиада алауының ұшқыны әр жүректе ұзақ сақталатынына сенім білдірді.