Нұрсұлтан Назарбаев бізге сара жол көрсете беретініне бек сенімдіміз - депутат Өмірзақ Мелдеханов
Өмірзақ Мелдеханов пікірінше Елбасының өз өкілеттілігін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыруы - ұстаздың өз шәкіртінің жаңа қадамын сырттай бақылау арқылы көрегенділік ісі жасауы.
«Әрине, қай ұстазға да шәкіртінің биік белестерге шыққаны қуанышты. Бұл ретте Елбасы өзі сенген ізбасарының жаңа күнді немен, қандай жұмыстармен бастайтынын көргісі келген шығар. Нұрекеңнің ұлылығы да осында. Демек, ұлы ұстаз ұлағаттылық танытып отыр. 2018 жылдың жазында Қазақстан Республикасы Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Би-Би-Си» арнасына берген сұхбатында «Шынымды айтсам, мен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2020 жылы президенттік сайлауға түсетініне сенбеймін. Өйткені, ол өте ақылды әрі парасатты адам. 2020 жылы президенттік сайлауға қатысса да, қатыспаса да сыртқы және ішкі саясатқа катысты мәселелердің нүктесін өзі қояды» дегені жадымызда. Иә, бүгінгі Мемлекет басшысының міндетін уақытша атқарушы Қасым-Жомарт Кемелұлының кемелдігі осында жатыр», - дейді облыстық мәслихат депутаты.
Халық қалаулысының айтуынша, парасатты адамның парасатты шешім қабылдайтынын одан басқа еш адам айтқан да, білген де жоқ.
«Нұрекең өзі айтқандай, кезекті сайлауға дейін Қ.Тоқаевтың ел басқару ісінде жаңа қырынан көрінетініне сенеміз. Өйткені, оның өмір жолы бізге жақсы таныс. Елбасы сенімін арқалап жүрген саяси тұлға бұл жауапкершілікті де абыроймен алып өтеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының төрағасы ретінде де бізге сара жол көрсете беретініне бек сенімдіміз»,-дейді Өмірзақ Мелдеханов.