«Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақ» - біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз» - баспасөзге шолу

АСТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 30 қараша, сенбі күні жарық көрген өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

«Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақ» - біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз» - баспасөзге шолу

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше елордадағы Тәуелсіздік сарайында Білім және ғылым министрлігі мен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Болашақ» халықаралық стипендиясының 20 жылдығына арналған «Болашақ» стипендиаттары мен түлектерінің форумы болып өтті. Оған аймақтардан 1500-ге жуық «Болашақ» түлектері, Президент Әкімшілігінің, сондай-ақ, ел Үкіметінің өкілдері мен Парламент депутаттары, дипломатиялық өкілдіктердің басшылары, оқу орындарының, ғылыми орталықтардың жетекшілері қатысты. Мерейтойлық жиынға қатысушылар «Қазақстан-2050» Стратегиясынан туындайтын міндеттерді әңгіме арқауына айналдырып, өткен 20 жылдың қорытындыларын тілге тиек етті, осы орайда алда атқарылар істердің көкжиегін айқындады. Форумға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі. Мемлекет басшысы өз сөзінде форумға қатысушыларды «Болашақ» бағдарламасының 20 жылдық мерейтойымен құттықтады және оның егемен Қазақстан тарихына алтын әріптермен жазылатын беттердің бірі екенін атап өтті. «Алдарыңа үлкен міндеттер қойыңдар. Сендер өз еңбектеріңнің жемісін жейтін боласыңдар. «Болашақ» бағдарламасы - сендерге мемлекет берген сенім несиесі. Мен сендерді, бағдарлама түлектері мен стипендиаттарын менің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы туралы идеямның белсенді жақтаушылары ретінде қарастырамын. Естеріңде болсын, кім жұмыс істейді, сол ешқашан жастығын жоғалтпайды. Кім жұмыс істеуді қойса, ол отызында-ақ қартаяды. Біз барлық нәрседе үлгі болуға тиіспіз. «Қазақстан-2050» - біздің ХХІ ғасырдағы ұлттық идеямыз. «Болашақтың» негізінде «Қазақстан-2050» қозғалысын құруды ұсынамын. Жаңа қозғалыс адамдарға еліміздің негізгі міндеттерін түсіндіруі керек. Әрбір азамат Стратегияны, оның міндеттері мен мақсаттарын түсінуге тиіс. Барша қазақстандықтарға бірлік, топтасу және мақсатқа беріктік қажет. Соның барлығын жүзеге сендер асыруға тиіссіңдер. Біздің күшіміз - бірлікте, деді Мемлекет басшысы. Мақала «Нұрсұлтан Назарбаев: «Болашақ» - біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз» деген тақырыппен берілнен.

Кеше Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында экономика ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясы Президенті жанындағы Ресей Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясының профессоры, Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Анатолий Спицын мемлекеттік мереке - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік экономиканың жаңа моделінің қалыптасуындағы және қоғамды әлеуметтік жаңғыртудағы стратегиялық бастамалары» тақырыбында магистранттар мен докторанттарға, профессорлық-оқытушылар құрамына дәріс оқыды. Осы шара арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Назарбаевтың ел дамуындағы еңбегі ерен» деген тақырыппен берілген. Басылымның жазуына қарағанда, ол Назарбаевтың сонау 90-шы жылдары көрегендікпен айтқан бастамаларының бүгінгі күні қалай орындалып отырғанына мән беріп, әлемдік интеграциялану үдерісінде де Қазақстанның әрқашан өз биігінен көрініп келе жатқанына ризашылығын жеткізді. Посткеңестік кезеңде бұрынғы одақтастар ірі «геосаяси апатты» - Кеңестер Одағының ыдырағанын бастан кешіп жатқанда, Назарбаевтың өңірлік интеграцияның негізгі қағидаттарын ашып көрсетіп беруін немен өлшеуге болады, дей келе, ғалым әлемдік тарихтың дамуында кемеңгерлікпен болашақты көре білу қасиетінің екінің бірінің маңдайына жазылмайтынын атап көрсетті. Ал Президент Назарбаевтың стратегиялық бастамаларының құндылығы оның саясаткер-прагматик ретінде болашақты алдын ала сезінуінде ғана емес, оның ірі стратег және ғалым, жаңа өркениеттік мән-мағынаны терең түсінетін кемеңгерлік қасиеттерінде жатыр, деді А.Спицын.

«Айқын» газетінің бүгінгі санында Моңғолия Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Моңголия Жазушылар одағының мүшесі Үзбен Құрманбайұлымен арадағы сұхбат «Қазақтың мәңгілік ел боларына сенемін» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген қаламгер: «Мемлекет басшысы екі қазақ өзара қазақша сөйлессін деп айтты емес пе?! Одан артық не керек? Бүгіндері екі қазақтың бір-бірімен қазақша сөйлесуінің өзі мұң болып тұр емес пе? Мен мысалы, көшеде, көлікте екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесетінін жиі көремін. Автобуста кілең қазақтар отырса да кондукторыңыз аялдаманы орысша хабарлайды. Сол себепті де Елбасы ең әуелі «екі қазақ қазақша сөйлесіп алыңдар» деп отыр ғой. Сіз ағылшын тілінде сөйлесетін екі жапонды көріп пе едіңіз? Жоқ. Қазақ тілінде сөйлесетін екі қытайды байқадыңыз ба? Жоқ. Тіпті базар маңындағы сығандар да өзара өз тілдерінде сөйлеседі. Ал біз неге өзара өз тілімізде сөйлеспейміз? Әрине, екеуміз қазір қазақша сөйлесіп отырмыз. Ал басшылықта отырған лауазым иелерінің бәрі бірдей бір-бірімен мемлекеттік тілде сөйлесіп жүрген жоқ. Президент «екі қазақ қазақша сөйлессін» дегенді біраз жыл бұрын айтты. Бірақ оны орындауда жайбасарлық басым», дейді.

Осы басылымның жазуынша, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік Ассамблеясының Санкт-Петербургте өткен алтыншы отырысына қатысты. Қазіргі кезеңдегі ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қызметі туралы Ұйымның Бас хатшысы Николай Бордюжа парламентшілер алдында баяндама жасады. Отырысқа төрағалық етуші Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышкин ҰҚШҰ-ның парламенттік өлшемін дамыту тақырыбы бойынша сөз сөйледі. Қатысушылар ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздігінің Кавказ аймағындағы әскери-саяси ахуалын зерделеу нәтижелері туралы есебін тыңдады. «Санкт-Петербургте Қ.Тоқаев Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенко және Ресей Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышкинмен екіжақты кездесулер өткізді. Ресейлік әріптестермен әңгіме барысында Қазақстан Сенатының Төрағасы Екатеринбург қаласында екі мемлекет басшылары қол қойған ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы келісім Қазақстан - Ресей әріптестігінің стратегиялық сипатын бекіткенін атап өтті. Ол Қазақстан мен Ресей Президенттері екі ел арасындағы өзара одақтастық қатынастардың өнегелі үлгісін қалыптастырғанын жеткізді», деп жазады басылым.