Нұрсұлтан Назарбаев: Екі тілде сөйлеу - ұлттық байлығымыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Біздің қоғамда ешкімнің де этностық артықшылығы жоқ және бәрі де де заң алдында тең. Барлық қазақстандықтар - бір туған жердің балалары. Біз бәріміз - біртұтас Қазақстан халқының әртүрлі және бірдей балаларымыз. Біздің бәріміздің мақсатымыз бір - ол ортақ Отанымыздың өркендеуі».

Нұрсұлтан Назарбаев: Екі тілде сөйлеу - ұлттық байлығымыз

Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» деген атаумен өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде мәлім етті.

Елбасы қазақстандықтардың бірлігі - жаңа 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың шешуші факторы екеніне екпін түсірді. Оның айтуынша, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу - барша қазақстандықтардың басты мақсаты.

Еліміздегі бейбітшілік, руханият пен келісім мәдениетінің жеті арқаулық қағидаттарын атап көрсеткен Мемлекет басшысы олардың әрқайсының мәні мен маңызын тарқатып берді. Бірінші қағидат - этностық, тілдік, діни және әлеуметтік айырмашылығына қарамастан, бүкіл қазақстандықтардың тең құқылығы. Бізде біреуге қысым жасаудың кез-келген түріне, бейбітшілік пен келісімге қол сұғушылықтың кез келгеніне жол жоқ және заңмен қудаланады. Екінші қағидат - біздің экономикада ешкім этносына қарап бөлінбейді. Яғни, әртүрлі этностағы қазақстандықтар индустрияландыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға, ғылым мен білімді, денсаулық сақтау мен спортты дамытуға белсенді ат салысуы керек.

Үшіншіден, Елбасы болашақта барлық азаматтардың мемлекеттік тілді білуі бізді бұрынғыдан да бетер теңдестіріп, қоғамдағы бірлікті нығайта түсетініне сенімді. «Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі, орыс тілінің ресми мәртебесі және барлық этностар мен олардың мәдениеттерінің тең жағдайда дамуы туралы мәселе шешімін тапқан», деді Нұрсұлтан Назарбаев. Оның айтуынша, әлемде халқының көпшілігі кем дегенде екі тілде сөйлейтін және ойлайтын елдер аз емес. Қазақстан солардың қатарында, бұл біздің ұлттық байлығымыз. - Тең құқылық аса жоғары деңгейге жететін уақыт келеді. Мемлекет және Үкімет басшыларын сайлағанда ұлттық және этникалық тегіне назар аударылмайтын болады,- деді Елбасы.- Мысалы, өз мемлекеттік тілін қатты қадірлейтін Францияда жуырда премьер-министр етіп испандық не итальяндық азаматты сайлады, бұл қалыпты нәрсе. Перуде этникалық жапондық, ал Бразилияда чех президент болды.

Төртіншіден, Мемлекет басшысы жас ұрпақты діни ұрандар ұстанған экстремистерден, халқымызға бөгде діни көзқарастар мен идеяларды күштеп таңушылардан сақтандырып, олардың іс-қимылдарын барынша теріске шығаратынымызды мәлімдеді. «Ислам діні әу баста Жаратушыдан біздің ата-бабаларымызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға да дәл солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз етті. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмаған. Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен және ішкі тұтастығымен ерекшеленеді. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айрылуға бүгінгі буынның ешбір хақысы жоқ»,- деді Н. Назарбаев. Бесінші қағидат - жалпыға ортақ еңбек қоғамын қалыптастыру. Яғни, еліміз еңбек, жауапкершілік және тәртіп бар жерде ғана қарыштап дами алады.

Алтыншыдан, қазақстандық мәдениет еліміздегі бүкіл этностардың мәдени қатпарларының тығыз қарым-қатынасының арқасында қалыптасады. Осыған орай, Елбасы кез-келген этносқа жататын отандастарымыздың әлемдік өнерге, әдебиетке, спортқа қосқан үлесінің артып келе жатқанын мақтан тұтатынын атап айтты. Жетінші қағидат - Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ол әрі іргетас, әрі бейбітшілік пен рухани келісім мәдениетінің негізгі қағидаты. Президент ел аумағындағы 820 этномәдени бірлестіктердің қызметін шоғырландыратын Ассамблеяны «бүкілхалықтық өкілдері мүдделерінің инновациялық моделі» деп атады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын одан әрі дамыта түсу үшін Елбасы бірқатар жаңа іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігін айтты. Мәселен, 2015 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» болып жарияланды. Сондай-ақ, алдағы жылы Астанада Қазақстан халқы форумы өткізіледі. Ассамблея жұмысын ширатуға қатысты тапсырмалар берген Нұрсұлтан Назарбаев «Тілдер туралы» заңның барлық талаптары бұлжытпай орындалуы керектігін қадап айтты. Әсіресе, жол инфрақұрылымы, қала көлігі, көшелер мен даңғылдар атаулары толықтай қазақ және орыс тілдерінде жазылуы шарт. 2017 жылдың елеулі оқиғаларына орай, Астанада «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің және Алматыда «Универсиада-2017» ойындарының алдында көшелердегі нұсқаушалар ағылшын тілінде де жазылады.

Әмірлан Әлімжан