Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қамту бойынша тиісті жұмыстарды атқармай отырған әкімдер мен тиісті ведомстволарды сынға алды

None
None
АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада өтіп жатқан ҮИИДМБ іске асыруға арналған индустриялық форумда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық қамту бойынша тиісті жұмыстарды атқармай отырған әкімдер мен ведомстволарды сынға алды.

«Біз қазақстандық қамтуға белсенді кіріскен болатынбыз. Алайда, өткен жылы мемлекеттік органдарда өнімді сатып алу көлемі 5 пайызға төмендеді. Яғни, өсім болған жоқ», - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы қазақстандық қамту бойынша «Теңізшевройл» компаниясында көрсеткіш 4 пайыздан астам, Қашаған жобасында 2 пайыз, «Ақтөбемұнайгаз» компаниясында 1,4 пайыз, «Қазхром» компаниясында 3,8 пайыз деңгейінде екенін ескертіп өтті.

Осы орайда Елбасы бұл компаниялар Қазақстан аумағында болғандықтан оның басшылары қазақстандық қамту бойынша Президенттің және елдің заңнамасының талаптарын орындауға міндетті екенін ескертті.

«Мен осы компаниялармен аталған мәселе тұрғысында жұмыс істемей отырған әкімдерді назарға алғым келеді. Сонымен қатар тиісті жұмыстарды атқаруы тиіс министрліктер де көңіл бөлуі қажет», - деп атап өтті Н. Назарбаев.

«Бұл ахуал шешімді түзетулерді қажет етеді. Үкімет осы жағдайды түзетуі тиіс. Отандық тауарларды сатып алуда кен орындарын пайдаланушыларды ынталандыру үшін керек болса нормативтік базаға сәйкес өзгерістерді енгізу қажет. Бұл мәселе тұрғысында қажеттілік етсе заңнаманы да қарастыратын боламыз», - деп түйіндеді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар