Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның болашағын суреттеп берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елдің болашағына көз жүгіртіп, 2050 жылдағы Қазақстанның жағдайын суреттеп берді, деп xабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
"Иә, оған дейін әлі 34 жыл бар. Алыс сияқты көрінеді. Дегенмен, бұл - тариxтың қысқа бір кезеңі. 2050 жылға дейін біз дамыған 30 елдің қатарына кіреміз. Қазақстанда орта санаттағы азаматтардың саны басым болады. Сол кезде шағын және орта бизнес ішкі жалпы өнімнің 50 пайызын қамтамасыз етеді. Ол үшін бүгінде Ұлт жоспары аясында тиісті жағдайлар жасалып жатыр. Ұлттық экономика еңбек өнімділігінің өсуі арқасында дами түседі. Оның көрсеткіші бес есеге артып, бір адамға шаққанда, 120 мың долларға өсетін болады. Біз инновациялық даму моделіне көшеміз. Индустриалды-инновациялық даму бағдарласының қазіргі бесжылдығы аясында 300-ден астам жаңа инновациялық кәсіпорын салынады. 2050 жылға дейін 2 миллионға жуық тұрақты жұмыс орындары ашылады. Осы орайда, жалпыға бірдей кәсіби білім беру бағдарламасының рөлі зор. Шамамен, 1 млн. адам жұмысшы мамандықтарымен қамтылады. Мектепті бітірген әрбір түлекті мемлекеттің есебінен оқытып, нақты бір мамандық беретін боламыз", - деді Н.Назарбаев.
Бұдан бөлек, ғылыми жұмыстарға бөлінетін ақшаның көлемі артады. Отандық экономикаға шетелдік инвестициялар көптеп тартылады. "Осы айтылғанның барлығы «утопия» емес. Біз 2030 бағдарламасын қабылдағанда «утопия» деп едік. Алайда оны екі есе жылдам, оны бес жылдың ішінде іске асыра білдік. Алдағы уақытта біз әлем елдері сияқты урбанизацияға қарай жүретін боламыз. Бұл дегеніміз, 2050 жылға қарай қала xалқының саны 70 пайызға артады. Осыған байланысты 380 млн. шаршы метр тұрғын үйлер салынады. Қала мен ауылды сапалы жолдар байланыстыратын болады. Болашақта біз транзиттік мемлекетке айналуымыз қажет", - деп атап көрсетті Президент.
Н.Назарбаевтың ойынша, 34 жылдан кейін қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 82 жасқа жетіп, xалықтың саны 25 миллионға жетеді. Ал Астана Еуразиялық мегаполиске айналады. Оның тұрғындары 3 млн.-нан асады.