Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстанның өзіне тән саяси моделі - тұрақты президенттік билік сақталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның өзіне тән саяси моделі - тұрақты президенттік билік сақталады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысы барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақстанның өзіне тән саяси моделі - тұрақты президенттік билік сақталады

«Жаңа жағдайда Парламентке, Үкіметке, барлық атқарушы органдарға зор жауапкершілік жүктеледі. Саяси жаңғырту конституциялық реформалар арқылы нақты жүзеге асырылатын болады. Бір айқын мәселе - Қазақстанның өзіне тән саяси моделі, яғни тұрақты президенттік билік сақталады. Сонымен бірге Парламент пен Үкіметтің өкілеттіктері неғұрлым кеңейіп, олардың рөлі арта түседі. Өзімнің тәжірибеме сүйене отырып айтайын, өкілеттікті тиімді қолданудың өзі асқан өнер. Біздің президенттік билік жайында осы  жылдардың ішінде өзімізде де, сыртта да  неше түрлі сөз айтылғанын білеміз. Бірақ та, біз ең алдымен өзімізге, қазақстандықтарға, халқымызға не керек, сонымен жүрдік. Осы нағыз дұрыс жол. Бұл қажырлы еңбек пен ыждағаттылықты қажет етеді», - деді Президент.

Мемлекет басшысы саяси жаңғырудың технологиялық жаңғырумен қатар қолға  алынуы айрықша маңызды екендігін баса айтты.

«Олар бірін-бірі күшейте, толықтыра түсуі қажет. Конституциялық реформа 5 саладан тұратын ұлт жоспарымен және жақында жарияланған үшінші жаңғырумен қатар  жүзеге асырылуы тиіс. Бір-бірімен  жалғасып жатады. Менің Жолдауымда айтылған міндеттер заң шығарушы, атқарушы органдарға ерекше жауапкершілік  артады. Жаңа жаһандық  жағдайда мемлекеттің стратегиялық бағдары өзгермейді. Біздің межеміз даму көшінің басындағы 30 елдің қатарында болу. Негізгі мақсат - сол. Саяси және технологиялық жаңғырудың  мақсаты да осы», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.    

Айта кетейік, Қазақстан халқы ел Конституциясына билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі бойынша енгізілетін түзетулерді қолдады. Бұл туралы 1 наурызда Ақордада өткен билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім еткен еді.

Мемлекет басшысы бұл мәселесінің маңызылығы ескеріле отырып, жұмыс тобы әзірлеген Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы бүкілхалықтық талқылауға шығарылғанын баса айтқан еді.

«Біз бірінші отырыста талқыладық. Мен талқылаулар барысын тыңғылықты қадағалап отырдым және оның мақсатына қол жеткізілгендігін айта аламын. Халық талқылауы барысында негізінен біз енгізген өзгертулер қолдау тапты. Бүгін біз азаматтардан келіп түскен ұсыныстар мен пікірлерді қараймыз, қорытындысын шығарып, одан ары не істеуіміз керектігі жайында шешім қабылдаймыз», - деді Президент.