Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Өңірлік даму министрлігінің қызметін сынға алды

«Біз аймақтардың мәселесін шешу үшін Өңірлік даму министрлігін құрдық. Сондағы жоспар бойынша барлық облыстың әкімдері осы министрлікке келіп, Халыққа қызмет көрсету орталығында секілді «жалғыз терезе» қағидаты аясында өздерінің барлық мәселелерін шешуі тиіс еді. Атап айтқанда, басқа министрліктерге жүгірмей, мәселесін бір жерден шешіп, өңірлеріне кері қайтуға негізделген. Қай әкімнен сұрасам да, олай болмай жатыр. Барлық мәселені шешу үшін экономика, қаржы министрліктеріне барады. Ал сонда бұл министрлікті не үшін құрдық?» - деп сынға алды Президент.
Осы орайда Елбасы аталған министрлік өзінің мақсат-міндеттерін орындамай отырғандығын қадап айтты.
«Не үшін құрылған еді? Яғни, өзінің негізгі қызметін атқармай отыр. Себебі, біз министрлікті құрдық, ал өкілеттілік пен қаржыны Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі арасында айқын жіктеген жоқпыз», - деп түйді Мемлекет басшысы.