Нұрсұлтан Назарбаев: Мақсатқа жету үшін сана жаңғыруы керек
Ұлттық комиссияның құрамына Президент Әкімшілігің жетекшісі Әділбек Жақсыбеков (төрағасы), Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Марат Тәжин (төрағаның орынбасары), Премьер-Министр Кеңсесінің басшысы Нұрлан Алдабергенов (төрағаның орынбасары), Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева (хатшысы) кірді. Комиссия мүшелерінің тізімінде - министрлер, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері, Парламент депутаттары, саяси партиялардың жетекшілері, жоғары оқу орындарының ректорлары, мемлекеттік мекемелер мен ғылыми институттардың басшылары, қоғамдқ бірлестіктер мен БАҚ-ның өкілдері бар.
Мемлекет басшысы рухани сананы жаңғырту туралы өзінің ойларын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырту» атты мақаласында жария еткені жұртқа мәлім. Ол мықты, әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымызды, бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарасын ашық білдірді. «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни, одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс»,- деп жазды. Ұлт көшбасшысы өз мақаласындағы «XXI ғасырдағы ұлттық сана туралы» деп аталған алғашқы бөлімінде сананы жаңғыртудың ұлттық-рухани тамырыздан нәр алуы керектігін қадап айтты. «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпаттағы жаңғырудың ең басты шарты - сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай»,- деп түсіндірді өзінің негізгі ойын Нұрсұлтан Назарбаев. Осы бөлімде Елбасы тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап көрсетті.
Сол бағыттардың бірі - ұлттық бірегейлікті сақтау. Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевтың пайымдауынша, ұлттық сана-сезім көкжиегін кеңейтеміз десек, ұлттық тамырымызды жоғалтпауымыз керек. «Ұлттық тамыр дегеніміз - өз дәстүрімізбен жалғасатын дүние. Бізге атам заманнан бері ата жолымен, ана сүтімен қанымызға сіңген нәрсенің бәрі осыған жатады. Ұлттық дәстүрімізден айрылсақ - қазақылықтан айрыламыз. Түп-тамырымыз салт-дәстүрлерімізбен қалыптасқанын ұмытпағанымы абзал»,- дейді ол. Омархан Нұртайұлы ұлттық бірегейлікті сақтауды әркім өзі отбасынан бастау керектігін айтады. «Мысалы, өзім жас күнімде ата-әжемнен көрген ұлттық дәстүрлерді берік ұстанамын. Мысалы, Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын отбасымда қарсы алуға ерекше көңіл бөлемін. Өз балаларым отау көтергенде немесе немерелерім туғанда да ұлттық дәстүрге сай рәсімдер жасаймыз. Ұлттық колорит, ұлттық код дегеніміз осы. Мұны басқаларға да тілеймін»,- дейді депутат.
Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы маман Жалғас Сәдуақасұлы: «Ұлттық код - ұлттың қуаты. Ұлттық құндылықтар дегенде атадан балаға мирас болып келе жатқан, ана сүтімен бойға дарыған рухани құндылықтарды, имандылық пен инабаттылықты, қазақшылықты айтпақ һәм үйретпек керек. Қазақ мұны атадан балаға мирас етіп қалдырып отырған»,- дейді.