Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеу парадына қатысады
МӘСКЕУ. Мамырдың 9-ы. ҚазАқпарат /Нарымбек Ысмағұлов/ - Мәскеуде сапармен жүрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты іс-шараларға қатысады.
Қызыл алаңда өтетін парадпен қоса, Н.Назарбаев Белгісіз жауынгердің зиратына гүл шоқтарын қою рәсіміне және Үлкен Кремль сарайында өтетін салтанатты қабылдауға қатысады.
РФ Президенті Дмитрий Медведев кеше өткен ТМД басшыларының бейресми саммитінде Ұлы Жеңістің 65 жылдығы құрметіне Мәскеуде өтетін мерекелік іс-шараларға қатысуға берген келісімдері үшін әріптестеріне алғысын жеткізген болатын. «Бұл Отанымыз үшін шайқасқан және бізге жеңс алып берген ата-бабаларымызға құрмет көрсету», - деді РФ Президенті өз сөзінде.
Бүгін, мамырдың 9-ында Мәскеуде өтетін мерекелік іс-шараға 30-ға жуық мемлекет басшылары мен үкімет басшылары келеді деп жоспарлануда. Олардың қатарында -ТМД елдерінің, Германия, Қытай, Израиль, Латвия, Грекия, Моңғолия, Сербия, Словения және Чехия елдерінің басшылары бар. Жеңіс Парады мәскеу уақыты бойынша сағат 10.00-да басталады.