Нұрсұлтан Назарбаев өмірдің мәнін қалай түсінетіндігін айтып берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өмірдің мәнін қалай түсінетіндігін айтып берді.
«Мен аз өмір сүрген жоқпын, яғни өмірлік тәжірибеме қарап, өмірдің мәні туралы ойлай беру құр бекер іс. Өмірдің мәнін Жаратушымыз туғанымызда біздің генімізге салып берген», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Астананың «жасыл белдеуін» құрайтын орман алқабын аралап шыққаннан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Мемлекет басшысы өмірдің мәні жайында көп ойлана беру керек емес екенін, атап айтқанда, қарапайым адам үшін өмірдің мәні жақсы өмір сүруде және Отан игілігі үшін адал еңбек етуде жатқандығын жеткізді.
«Біз әрқашан өткенмен өмір сүрудеміз, яғни «нені дұрыс істемедік?» дегенді ойлаумен боламыз. Немесе, болашақты ойлап, «он жылдан кейін не болады?» деп ойға түсіп жатамыз. Ал оны кім біледі?» - деді Н.Назарбаев.
Президент Жер шары өте нәзік екенін және көптеген қатерлерге тап болуы мүмкін екендігін атап өтті.
«Біздің планета галактиканың бір бөлігі ғана. Адамның басына келетін неше түрлі бәле бар. Оның барлығын ойласаң, өмір сүре алмайсың. Алла бізге жан берген кезде қашан бақилық болатынымызды ешкімге айтқан жоқ. Оны білетін болсақ, өмірдің өзі сұмдық болар еді. Барлық діндерде Жаратушы иемізге құлшылық ету жайында айтылған. Өкінішке қарай, барлығы құлшылықты орындап жатқан жоқ. Өмірдің мәні - жақсы өмір сүріп, жақындарың мен достарыңды жақсы көріп, Отаныңды сүю және балалардың болашағына жағдай жасау!» ,- деп түйіндеді Н.Назарбаев.