Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпин «Композитор» фильмінің трейлерін тамашалады
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қытайға мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен «Композитор» фильмінің трейлерін тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қытай композиторы Сянь Синхайдың өміріне арналған бұл туынды қазақстандық-қытайлық бірінші киножоба саналады. Ол Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстанда тұрып, қазақтың ұлы композиторы Бақытжан Байқадамовпен жақын дос болған.
Сянь Синхай 500-ден астам лирикалық және бұқаралық әннің авторы. Әндерінің басым бөлігі қытай халқының арасында кеңінен танымал. Сонымен қатар ол бірқатар танымал әнін қазақ жерінде жазған. Мәселен, ол «Ұлт азаттығы» симфониясын Алматыда аяқтағаны белгілі.
«Композитор» фильмін Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен қытайлық Shinework және Pictures China Film Coproduction Corporation компаниялары бірлесіп түсірген. Фильмде Бақытжан Байқадамовтың рөлін Берік Айтжанов, ал Сянь Синхайдың рөлін қытайлық актер Ху Цзюнь сомдайды.
Айта кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қытайға мемлекеттік сапармен келіп, бүгін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді. Нәтижесінде бірнеше құжатқа қол қойылды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцянмен жүздесті.
Ал 10 маусым күні ҚР Президенті Циндао қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кеңесіне қатысады деп күтілуде.