Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен кездесті

Мемлекет басшысы әңгімелесу барысында А.Дуданы Польшаның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтады.
«Бүгінгі кездесу қарым-қатынастарымызды талқылау үшін бізге зор мүмкіндік береді. Польшаның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2018-2019 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі қызметінің басталуымен құттықтаймын», - деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Польшаның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі жұмысындағы ұстанымдарының ұқсастығын атап өтті.
«Біздің ой-пікіріміз бен Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесіндегі жұмыс бағытымыздың ұқсас болғанына қуаныштымын. Менің Варшаваға сапарым және Сіздің өткен жылғы Астанаға сапарыңыз әлі есімде. Мұндай кездесулер бізді әрі елдерімізді жақындата түседі», - деді Қазақстан Президенті.
А.Дуда кездескеніне және екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау мүмкіндігінің болғанына ризашылық білдірді.