Нұрсұлтан Назарбаев: Саусақ ашса - қылдырық, жұмса - жұдырық
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Осыдан екі онжылдыққа жуық уақыт бұрын, Ассамблеяны құра отырып, біз әлемдегі барлық мәлім болған модельдерден де озық шыға білдік. Біз халықты ортақ патриоттық тұғырнамада топтастырудың бірден-бір сенімді тетігін таптық. Оның мәні әркімге де түсінікті және қарапайым адами сұраныстарды - жұмысты, отбасындағы әл-ауқатты, балалар үшін білім беруді, денсаулықты, тұрғын үйді, қауіпсіздік пен демалысты қамтамасыз етуге көмектеседі»,- деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылы 18 сәуірде өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясында сөйлеген сөзінде.
Елбасы бірлік пен топтасу қоғамның ең басты құндылықтары екенін қайталаудан ешқашан жалықпайтынын жеткізді. Сондай-ақ, қазақстандық бебітшілік, руханият және келісім мәдениетінің 7 арқаулық қағидаттарына тоқталған Президент жетінші қағидат ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясын «бүкіл азаматтардың бүкілхалықтық өкілдері мүдделерінің инновациялық моделі және біздің жас демократияның табысты құралы» деп атады.
Биік мінберден сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев миллиондаған адамдардың жадынан өшпейтін соғыс қасіреті, адамзат үшін ешқандай баға жетпес құндылық - бейбітшілік туралы айтты. Жәй ғана айтып қойған жоқ, тыныштығы бұзылған әлемде барша отандастарымызды бір-біріне қарама-қарсы осы ұғымдар жөнінде ойласуға шақырды. Бұл орайда, Елбасы бүгінгі Украинадағы жағдайға қатты алаңдайтынын аңдатты. «Украинадан жетіп жатқан мәліметтерді жүрек сыздатпай оқу мүмкін емес. Өйткені, бұл ел біздің ТМД-дағы жақын әріптестеріміздің бірі. Біздің украиндармен тарихымыз ортақ. Дүрбелең жылдарда Қазақстан елімізге күштеп көшірілген, Ұлы Отан соғысы жылдарында эвакуацияланған және осында жүрек қалауымен өнеркәсіп алыптарын тұрғызуға және тың көтеруге келген жүздеген мың украиндардың екінші үйіне айналды. Бүгінгі таңда біздің азаматтарымыздың 300 мыңнан астамы - украиндар. Украина жерінде оны фашизмнен азат ету жолындағы шайқастарда ерлікпен қаза тапқан мыңдаған қазақстандықтардың аруақты рухтары жатыр. Мыңдаған қазақ Украинада білім алды. Солардың бірі болып, мен де металлург өнерін үйрендім. Сондықтан, біз қазақстандықтар, украин халқының ертеңіне алаңдаймыз және украин қоғамында тұрақтылық пен бірліктің тез орнауына туыстық көңілмен үміт артамыз»,- деді Н. Назарбаев. Мемлекет басшысы украин халқының ішкі мәселелерін сырттың араласуынсыз және барлық мүдделі тараптармен бейбіт келісім жүргізе отырып, өздері шеше алатынына сенім білдірді.
Украинадағы болып жатқан оқиғалар біздің бәрімізді ойландыруы тиіс, - деп қадап айтты Елбасы.- Этносаралық қарым-қатынастар, азаматтардың тең құқығы мәселелері және тіл саясаты - бұл саяси ойындарға арналған алаң емес. Олардың бәрінде кейінге ысыруға болмайтын, мойындамауға және билік үшін таласта дәйек ретінде арсыздықпен пайдалануға болмайтын адам тағдырлары бар. Бұл ел үшін де, халық үшін де, әрбір адам үшін де қауіпті. Шовинизм мен ұлтшылдықты ашық неофашизмнен оп-оңай аттап кетуге болатын жіңішке сызық қана бөліп тұрғанын әркім жақсы түсінуі керек. Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандықтар бір туған жердің балалары екенін атап айтты.
9 мамыр - ұлы Жеңіс күні. Осыған орай, Мемлекет басшысы өз отандастарын Ұлы Отан соғысында құрбан болғандарды есте сақтап, соғысқа қатысқан барлық қазақстандық батырлардың аты-жөндерін біліп, оларды құрметтеуге үндеді. Президенттің пікірінше, фашизмді талқандаған Жеңістің ешқашан санамыздан өшпеуінің маңызы зор. Сондай-ақ, ол соғыс батырларына үлкен құрмет көрсеткені үшін Ресей халқына алғыс айтты. Мәселен, сәуір айының басында Ресейдің Псков облысының Невель қаласында павлодарлық Әбілқайыр Баймулдин жерленген орталық алаңға оның есімі берілген. Оған қоса, батырдың зиратына Жеңіс күніне орай қола мүсін орнатылмақшы екен. Өз Отаны үшін жанын қиған қас батырларға деген тағзым ретінде, Елбасы Астана әкіміне даңқты генарал Иван Панфиловқа ескерткіш орнатуды және елордамыздың жаңа көшелерінің біріне оның есімін беруді тапсырды.
Мемлекет басшысы бүгінгі таңдағы халықаралық саясаттағы дағдарысты да тілге тиек етті. Бұл орайда, Ресеймен қарым-қатынас - біздің сыртқы саясатымыздың маңызды тармағы екенін, кез-келген жағдайда Қазақстан мен Ресейдің ізгі ниетті көршілер, одақтастар және стратегиялық әріптестер болып қалатынын мәлім етті. «Орталық Азия елдері, Ресей, Қытай - біздің көршілеріміз және сондықтан бізде әрқашан ең жақын достық болған, қазір де бар, алда да бола береді» деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, ол алдағы жылы Ассамблеяның құрылғанына және референдумда ел Конституциясының қабылданғанына 20 жыл толуына орай, 2015 жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жариялап, Астанада Қазақстан халқы форумын өткізуді ұсынды. «Саусақ ашса - қылдырық, жұмса - жұдырық» екенін көкейге берік түйе отырып, ұлы мақсаттарға бірге сапар шегейік,- деді Елбасы.
Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып, жайлы өмір сүруі өз қолында. Мысалға, кәрістер жер бетіндегі халықтардың бәрінен көп жұмыс істейді, сондықтан да олардың экономикасы алға шығып кетті,- деп мысал келтірді Президент. - Бұл елдің ешқандай табиғи байлығы жоқ. Ендеше, осындай елден, халықтан неге үлгі алмаймыз? Қажымай-талмай еңбек етудің арқасында ғана гүлденген қоғам құра аламыз. Айта кетелік, осы жолы да Қазақстан халқы Ассамблеясының мінберінен тосын ұсыныстар мен бастамалар айтылды. Мәселен, елімізде қағаз қалдықтарынан картон мен әртүрлі қағаз шығаратын зауыт ашқан британдық Томас Бандерос Лондон қаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім орталығын салуға ұсыныс жасады. - Қазір ғаламшарымыздың тыныштығы кетіп тұр. Бейбітшілік пен татулықты қалай сақтаймыз? Бұл сауалға Нұрсұлтан Назарбаев жауап тапты. Ендеше, Сіздің даналықпен жүргізіп отырған бейбітшілік пен келісім моделіңізді барша адамзатқа көрсетуіміз керек! - деді ол.
Әмірлан Әлімжан