Нұрсұлтан Назарбаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің жаңа мүшелерін таныстырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан Шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы жалпы отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Кеңестің жаңа мүшелерін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Осы уақыт аралығында кездесуіміз жақсы дәстүрге айналды және біз бірлесіп көп іс атқардық. Сіздер біздің экономикамыздың қалыптасуына зор көмек көрсеттіңіздер, қазіргі уақытта қолға алған реформаларымызды жүргіздіңіздер. Біздің кездесуіміз экономикалық даму тұрғысындағы өзекті тақырыптарды талқылайтын маңызды алаңға айналды. Кеңес құрамына еліміздің жұмыс істеп жатқан ірі шетелдік компаниялардың өкілдері кіреді», - деп атап өтті кеңес жұмысын ашқан Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы кеңес құрамы жылдан жылға сапалық тұрғыда жаңарып отыратындығын атап өтті.
«Күн тәртібіне көшпес бұрын мен сіздерге кеңестің жаңа мүшелерін таныстырғым келеді: Азия даму банкінің жеке сектордағы операциялар және тең қаржыландыру жөніндегі вице- президенті Дивакара Гупта, «Марубени корпорейшн» компаниясының Еуропа, Африка, ТМД елдері бойынша аға өңірлік атқарушы офицері Наоя Ивашита. Олар зейнеткерлікке шыққан әрптестерінің орнына келіп отыр. Кадрлық өзгерістерге байланысты кеңес құрамына Қазақстан тарабынан жаңа мүшелер кіріп отыр. Мұнан бөлек, отырысқа байқаушы компаниялар да қатысуда», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айта кетейік, Шетелдік инвесторлар кеңесі Қазақстан Президенті жанындағы кеңесші-консультативті орган болып саналады. Кеңес 1998 жылы елдегі инвестициялық қызмет пен инвестициялық ахуалды жақсартумен тікелей байланысты өзекті мәселелерді тиімді шешу үшін мемлекет пен шетелдік инвесторлар арасындағы тікелей үнқатысуды қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Елдің инвестициялық саясаты мен экономикалық дамуының басты аспектілері бойынша Қазақстан Президенті мен Үкіметінің қарауына ұсынымдар мен ұсыныстарды әзірлеу Кеңестің басты міндеті саналады.