Нұрсұлтан Назарбаев ШҚО шаруаларына кооперацияның не үшін қажет екенін түсіндірді

Президенттің айтуынша, «елімізде қаншама жер бар, ал терең өңдеудің болмауынан арзан шикізат сатып отырмыз».
«Бидайды өңдеп, макарон сатуға болады. Ет, сүт, көкөніс пен майлы дақылдарды соңына дейін өңдемейміз. Елімізде ет қомбинаттары, сүт зауыттары бар, бірақ шикізаттың жоқтығынан 40 пайызға ғана жұмыс істеп тұр. Бізде шикізат жетерлік, оны әкеліп, өткізіп, өнім үшін ақша алу керек. Егер кооперация құрсақ, бұл жүйе ретке келеді. Өндірушілер мен тұтынушыларды байланыстырып тұратын ұйым жұмыс істейді», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазір барша Қазақстан арқылы өтетін, Қытайды Батыс Еуропамен жалғайтын жол құрылысы жүріп жатыр. Қазақстан Президенті атап өткендей, бұл трасса - шығысқазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін жаңа мүмкіндік. Дәл осы жол арқылы фермерлер елдің ірі қалаларына өнім жеткізе алады.
Айта кетейік, бүгін Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Нұрсұлтан Назарбаев Өскеменнің сол жағасындағы жаңа шағынаудандағы жаңа «Нұрлы жол» саябағын ашып, Шілікті, Берел қорғандары мен Аблайкит будда ғибадатханасынан табылған 2 мың артефакт қойылған архитектуралық көрмені тамашалады. Сондай-ақ, ҚР Президенті қала жұртшылығымен және жаңа саябақтың құрылысына қаржы құйған ірі өндірістік кәсіпорындардың басшыларымен әңгімелесті.