Нұрсұлтан Назарбаев Сочиде футболдан әлем чемпионаты туралы айтты
СОЧИ. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинге 2018 жылы футболдан әлем чемпионатын табысты өткізуге тілектес екендігін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Келесі айдан Ресейде ғаламшардың ең басты спорттық сайыстарының бірі футболдан әлем біріншілігі басталатын болады. Ғаламшарлық ауқымдағы үлкен шара. Біз ресейлік тарапқа оны тамаша өткізуге, ал ресейлік футболшыларға жеңіс тілейміз», - деді Қазақстан Президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында.
«Ресейлік тарап қайталанбас мерекелік атмосфера қалыптастырып, осынау маңызды шараны ең жоғары деңгейде өткізеріне сенімдімін. Біз бұл шараға шақырыламыз деп үміттенеміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинге қарата.
Елбасының бұл сөзіне жауап берген Ресей Президенті «Барлықтарыңыз да шақырылдыңыздар», - деп жауап берді.
Футболдан 2018 жылғы әлем чемпионаты 14 маусымнан бастап 15 шілдеге дейін Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өтетін болады.
Айта кетейік, Ресейдің Сочи қаласында мемлекет басшыларының қатысуымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) кезекті отырысы өтуде. Шараға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей басшысы Владимир Путин, Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь басшысы Александр Лукашенко және Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян қатысуда. Басқосуда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы көпбағытты ынтымақтастықтың түрлі аспектілері, ұйымның ұйымдастыру-кадрлық бағыттағы шаралары мен ағымдағы жұмыс барысы сөз болады деп күтіледі. Күн тәртібіне 15 мәселе қойылған. Олардың екеуі шағын құрамда қаралады.