Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Корея шиеленісін шешу жолдарын ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Корея Халықтық-Демократиялық Республикасының ядролық қару шиеленісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Корея шиеленісін шешу жолдарын ұсынды

«Бізді Азия кеңістігіндегі милитаризация үрдісі, атап айтқанда Солтүстік Корея айналасындағы шиеленіс алаңдатады. Мәселенің жалғыз шешімі – БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің барлық қатысушылары тарапынан Солтүстік Корея қауіпсіздігінің пәрменді кепілдігін жасап шығару деп ойлаймын. Бұл Солтүстік Кореяны ядролық бағдарламасын тоқтата тұру жөніндегі сәйкес уағдаластықты тезірек орнатуға итермелейді», - деді Елбасы Astana club пленарлық отырысының ашылуында.

Оның айтуынша, тағы бір маңызды қадам – Пхеньян мен Сеул арасындағы сенім шаралары каталогын жасау.

«Бұл Корей түбегіндегі жағдайды тұрақтандырар еді. Аталған мәселелерді егжей-тегжейлі талқылау үшін АӨСШК (Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесі) алаңын пайдалануды ұсынамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, елордада әлемнің жетекші дипломаттары мен саясаткерлерінің және сарапшыларының басын қосатын «Астана клубының» бесінші отырысы өтуде. Мерейтойлық отырыс тақырыбы «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында» деп аталады. Клубтың сараптамалық талқылауына АҚШ, Қытай және Ресей арасындағы қырғи-қабақтың ушығуы, сауда протекционизмі мен популистік көңіл-күйдің артуы, сондай-ақ Иран мен Солтүстік Корея төңірегінде жаңа шиеленістердің бой көрсетуі мәселелері арқау болмақ.

Бұған дейін Елбасы Еуразия қауіпсіздігі бойынша өзекті мәселелерді атап көрсеткен еді.