Нұрсұлтан Назарбаев суармалы егістік жерлерін арттыруды жүктеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев суармалы егіс алқаптарының аумағын арттыруды жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Отырыс барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев еліміздің солтүстік өңірлерінде суармалы жерлерді көбейтуге қатысты шаралар іске асырылатынын баяндады.

Осы ретте Елбасы көктемде еріген қар суы бірқатар облыста жайылып кететінін, бұл тұрғыда су жинайтын нысандар салу керектігін тапсырды.

«Кезінде еліміз аймағында құдықтар саны көп болды, әр құдықтың төңірегінде отар-отар қой өсірілетін. Осы бағыттағы жұмыстарды қолға алу керек. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімін арттыруға суармалы егістіктердің үлесі мол болады», - деді Н. Назарбаев.

Осы орайда Өмірзақ Шөкеев құдықтардың айналысында мал шаруашылығын дамыту шаралары іске асырылатынын атап өтті.

«Қазір бұл нысандарды қалпына келтіріп жатырмыз. Біздегі үлкен резерв мал шаруашылығында жатыр. 1 млн тонна бидайды сатсақ, 150 млн доллар табыс аламыз. Ал ірі қара мал етін өткізген кезде 1 млрд доллар шығаруға болады. Тауық жұмыртқасының өзі бидайдан үш есе артық табыс әкеледі», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Президент ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірудің тиімді бағыттарын тыңғылықты пысықтау қажеттігін жүктеді.

«Біздің бидайды экспорттайтын нарықтар алыста орналасқан. Елімізде көктемде бидайды сеуіп тастайды да, күзде орып алады. Содан кейін қыс бойы шалқайып отырады. Осы тұрғыда тынымсыз жұмыс істеп жатырмыз деп ойлайды. Яғни шаруашылықтағы өнімділікті арттыруды ойламайды», - деді Елбасы.

Соңғы жаңалықтар