Нұрсұлтан Назарбаев Түркияға астық экспорттаудың қысқа жолын атады

АНКАРА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркияның бизнес капитандарымен кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оларды еліміздің агроөнеркәсіп кешені саласындағы жобаларды жүзеге асыруға шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Қазақстанның аграрлық секторы ең үлкен сала болып саналады. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Онда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен өңдеушілерге мемлекеттік қолдау көрсету қарастырылған. Негізгі мақсат жаңа технологияларды қолдана отырып, өнімді арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен экспортқа шығару болып табылады», - деді Мемлекет басшысы.

Осы орайда Қазақстан Президенті түрік компанияларын осы саладағы жобаларды белсенді жүзеге асыруға шақырды.

«Өзеріңіз білесіздер, Қазақстан бүгінде астық экспорттайтын ірі мемлекеттердің бірі саналады. Биылғы жылы да астық түсімі өте жақсы, мүмкіншілік бар. Сондықтан Түркия жағына астықты, ұнды экспорттау барысында жаңа мүмкіншілікті пайдаланып, Каспий Кавказ арқылы жеткізуге болады. Екі жақтың министрлері бұл мүмкіншілікті қарастырады деп сенемін», - деді Елбасы.

Айта кетейік, Қазақстан Президентімен кездесуге Түркия экономикасының 15 пайызын құрайтын 25 компанияның басшылары қатысты. Аталған компаниялар ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, геология және тау-кен өндіру өнеркәсібі, химия өнеркәсібі, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, денсаулық сақтау және фармацевтика салаларында жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар