Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет мүшелеріне: Даму қарқынын үдетуіміз керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет, Ұлттық банк, жергілікті атқарушы органдардың өткен жылғы нәтижелі жұмыстарын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет мүшелеріне: Даму қарқынын үдетуіміз керек

«Сыртқы факторлардың тұрақсыздығына қарамастан өткен жылы экономикалық дамудың көрсеткіштері оң болды. Осыған байланысты Үкімет, Ұлттық банк, жергілікті атқарушы органдардың нәтижелі жұмысын атап өттім. Қазіргі таңда дүниежүзіндегі ахуал біршама жақсарып келе жатқанын бәріміз білеміз. Ол бізге өз әсерін  тигізеді. Әлемдегі дамыған 30  елдің қатарына қосылу үшін әлі де талай белсенді жұмыстар атқарылуы керек. Қажетті  барлық бағдарламалық құжаттар, тиісті заңдар қабылдау жұмыстары жалғаспақ», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы биылғы Жолдауында төртінші өнеркәсіптік революция  жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері айқындалғанын атап өтті.

«Оның төңірегінде жұмыс істеу басталды. Сондықтан дамудың қарқынын үдету керек. Жақсы істелген нәрсенің барлығы «қалтамызда». Оған рахмет айтамыз. Ал енді істелмеген жұмыстарға, алда атқарылатын жұмыстарға, кемшіліктерге көңіл бөлу керек. Бағдарламаларды сапалы түрде іске асыру, оларға бөлініп жатқан қаржыларды тиімді пайдалану осы отырған барлық азаматтардың міндеті болып саналады»,  - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Қазақстан Президенті қабылданған барлық бағдарламаларды, биылғы Жолдауда қойылған міндеттерді орындау Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екендігін баса айтты.

«Шаруа аз емес. Күнделікті жасалып жатқан жұмыс та жетерлік. Бірақ, бұл бағдарламаларға барлықтарыңыз көңіл бөліп отыруларыңыз керек. Бұл біздің жалпы мақсатымызды орындауға септігін тигізеді», - деді Елбасы.