Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлттық қор қаражаты ? халықтың ақшасы, сондықтан да оның пайдаланылуы қатаң бақылауда болуы тиіс
АСТАНА. Сәуірдің 23-і. КазАқпарат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында Астана қаласын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оған Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің, Астана қаласының, бірқатар мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, банктердің және құрылыс компанияларының басшылығы, депутаттар қатысты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Президентінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Мемлекет басшысының елорданы дамыту жөнінде берген міндеттерін жүзеге асыру барысы және дағдарысқа қарсы қабылданған шаралар жөнінде есеп берді.Кеңесте сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорданы дамыту жақсы қарқын алғанын атап өтті. Қалалық әкімдік тұтастай алғанда, Елбасының бұдан бұрынғы кеңестерде берген тапсырмаларын орындап келеді. Тұрғын үй орамдарын абаттандыру, автокөлік жолдарын жөндеу, жолайрықтар мен көпірлер құрылысын салу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша үлкен жұмыс атқарылып отыр. Елорда басшылығы сенбіліктер ұйымдастырып, қала ішіндегі саябақтар мен жасыл желектерді кеңейтуде.Алайда Мемлекет басшысы елорда тынысындағы бірқатар ағымдағы түйткілді мәселелерді атап көрсетті.Мәселен, 23 мыңнан астам үлескердің қатысуымен салынып жатқан 123 нысанның құрылысын аяқтау барысы баяу жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет бөлген қаражат құрылыс компанияларына тез әрі уақытылы жетіп отырған жоқ. Азаматтардың ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыру бағдарламасы егжей-тегжейлі қаралмаған. Екінші деңгейлі банктер өздері белгілейтін пайыздық мөлшерлемені шектеп немесе көтеріп жіберуі салдарынан несие алу мүмкін болмай қалғандығы жөнінде көптеген шағымдар келіп түсуде. Үлестік құрылыс нарығындағы ахуал туралы ақпарат қарапайым адамдар үшін қолжетімсіз болып отыр.Астанада дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті дамытуға бөлінген қаржы бәсең игеріліп жатыр. Осы мақсатта берілген несиенің көлемі 4,3 миллиард теңге, бұл көрсеткіш елорда үшін Ұлттық қордан аталған салаға қарастырылған қаржының жалпы көлемінің 19 пайызға жуығын ғана құрайды. Мысал үшін, соңғы үш жылда Астанада бизнесті дамыту үшін шамамен 300 миллиард теңге несие берілген. Ал, еліміз бойынша дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында бөлінген 120 миллиард теңгенің не бары 1 пайыздан астамы ғана игерілген. Мемлекет басшысы тікелей вице-премьер Ө.Шөкеевке істің мән-жайын анықтап, қалыптасқан жағдайды дұрыстауды тапсырды. - Бүгінде шағын және орта бизнес қала экономикасының негізгі бөлігі болып табылады, оның жалпы аймақтық өнімдегі үлесі қазірдің өзінде 60 пайызды құрап отыр, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық қор қаражаты ? халықтың ақшасы екенін, сондықтан да оның пайдаланылуы қатаң бақылауда болуы тиіс екендігін атап өтті. Президент бизнесмендер мен барлық несие алушыларды пара беруді талап ету оқиғалары, әсіресе мұндай жағдай екінші деңгейлі банктерде орын алған жағдайда тез арада құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырды.Үкімет пен әкімдікке шағын және орта бизнестегі істің жағдайына қосымша талқылау жүргізу, әрбір үлестік құрылыс нысанына қатысты ахуалмен танысып, оларды аяқтау жөнінде нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.Президент дағдарыс кезінде елордада халықты жұмыспен қамту көрсеткіштері төмендеп кеткенін атап өтті. Бірқатар кәсіпорындардың жұмыскерлерге еңбекақы төлеу бойынша берешектері бар. Осыған байланысты әкімдіктің, прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдардың алдына осы мәселелерді шешу жөнінде тиімді шаралар қабылдау міндеті қойылды.- Қала экономикасында 17 мың жұмыс орнын құруға ерекше назар аудару қажет. Әкімдік Жол картасын жүзеге асырудың нақты жоспарын жасауы тиіс, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.Қызмет көрсету саласының, қоғамдық көлік жұмысының сапасын арттыру, тұрғын үй кешендерінің аулаларын тәптіпке келтіру, қала аумақтарын, әсіресе Солжағалауды абаттандыру мен көгалдандыру мәселелеріне үлкен назар аударылды. Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік мекемелерден елордадағы нысандар құрылысының сапасына, құрылыс компанияларының барлық өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауына бақылауды күшейтуді талап етті.- Таяуда Алматыда өткен кеңесте мен біраз проблеманы, соның ішінде көшелердегі автокөліктерге қатысты мәселені көтердім. Соңғы жылдары қала көшелерінде Батыста есептен шығып, елімізге әкелінген ескі автокөліктердің саны едәуір өсіп кетті. Олар қаланың ауасын ластап, көшелердегі қозғалыс қауіпсіздігіне қауіп төндіреді, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.Президент елорда әкімдігі мен Ішкі істер министрлігіне қалада ескі автокөліктерді пайдалану мәселесін тәртіпке келтіруді, тиісті техникалық байқаудан өткізуді ретке келтіруді, сондай-ақ қылмыскерлікпен күресті күшейтуді тапсырды.- Астана еліміздің ең қауіпсіз қаласы болуы тиіс! ? деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.Сондай-ақ кеңеске қатысушылардың назары энергетикалық және су ресурстарын үнемдеу мәселесіне аударылды. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, барлық жерде суды, электр және жылу энергиясын тұтынуды қадағалайтын есептеуіш құралдар орнатылуы тиіс.Мемлекет басшысы сондай-ақ бірқатар нысандардың, атап айтқанда Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығының, «Санкт-Петербург» сауда орталығының, 3500 орындық әмбебап кино-концерт залының, Ертіс арқылы өтетін М-3 көпірінің құрылысы барысына, сондай-ақ «Талдыкөл» су жеткізу жобасына қатысты бірқатар тапсырмалар берді.Үкіметке хайуанаттар бағының құрылысы бойынша жобалық жұмыстарға қаржы іздестіру, «Әбу Даби», «Изумрудный квартал» және басқа да кешендер жөніндегі мәселелерді шешуді жеделдету тапсырылды.Кеңесте 2011 жылы Астанада Қысқы Азия ойындарын өткізуге дайындық барысы мәселесі қаралды. Осыған байланысты, Президент спорттық нысандар ? жалпы құны 12,4 млрд. теңгені құрайтын жабық коньки жарысы стадионының құрылысы мен «Қазақстан» спорт сарайын қайта жаңғырту мәселелері ерекше бақылауда болуы тиіс екендігін атап көрсетті.Мемлекет басшысы елорданың алдағы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына дайындығына байланысты мәселе көтерді.Қазақстан Президенті кеңеске қатысушыларға бірқатар тапсырмалар берді, Үкіметтен мердігерлердің құрылыс мерзімдерін мүлтіксіз орындауын және жаңа елордалық нысандарды уақтылы пайдалануға беруін қамтамасыз етуді талап етті.